Қазақстан Халық партиясы парламенттік фракциясының жетекшісі, Мәжілістің Заңнама және құқықтық реформа комитетінің хатшысы, депутат Магеррам Магеррамов Астанада қазақстандық заңнама мәселелері бойынша бірқатар кездесулер өткізді. Іс-шаралар мәжілісмендердің сайлаушылармен әңгімелесу мақсатындағы жұмыс сапары аясында өтті.
Парламент сессиясы кезінде де ҚХП фракциялары отандық нормативтік-құқықтық базаға енгізілетін жаңалықтарға арналған отырыстар, алқалы жиындар мен сарапшылар кездесулерін ұдайы өткізіп отырды. Бұл жолы Магеррам Магеррамов Республикалық адвокаттар алқасының ұжымымен кездесті. Талқылау тақырыбы іс жүргізу заңнамасын жетілдіру, адвокаттық қызмет және заң көмегін көрсету мәселелері бойынша ҚХП бастамашылық жасаған заң жобасы болды.
Сондай-ақ, мәжілісмен Астанада Жеке сот орындаушыларының республикалық палатасының басшылығымен және ұжымымен кездесу өткізді. ҚХП парламенттік фракциясы сот шешімдерінің орындалмауы және осы мәселе бойынша азаматтардан келіп түсетін шағымдар тақырыбын бірнеше рет көтерді.
– Біз атқарушылық іс жүргізудің өткір мәселелерін және ЖСО институтын жетілдіру мәселелерін талқыладық, - деп атап өтті кездесу қорытындысы бойынша Мәжіліс депутаты.
Қазақстанның жаңа экономикалық саясатында инвестициялар маңызды рөл атқарады. Және, сөзсіз, инвесторлардың мемлекетпен ынтымақтастығының тиімді тетіктерінің бірі мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігі болып табылады. Бұған дейін ҚХП фракциясы заңнамаға қажетті түзетулер енгізу үшін МЖӘ мәселелерін талқылау бойынша бірнеше отырыс өткізген болатын. Перспективаларды бағалау үшін Магеррам Магеррамов арнайылап «Қазақстандық МЖӘ орталығында» болды.
Мәжіліс депутатының тағы бір кездесуі Астана қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының «Еңбек ұтқырлығы орталығында» өтті.
– Әлеуметтік бағыттағы партия ретінде біз бұл саланың проблемаларын жиі көтереміз, - деп нақтылады мәжілісмен. - Мұндай нысандарға бару біз үшін өте маңызды, өйткені күзде біз әлеуметтік салаға байланысты бірқатар іс-шаралар өткізуді жоспарлап отырмыз.