Әуежай – жеке іс емес!

dep.jpg

Алматы халықаралық әуежайының қызметінен елеулі қаржылық бұзушылық анықталды. ҚР Қаржы министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің мәліметі бойынша, әуежай акционер емес заңды тұлғаға 6,8 млрд теңге дивиденд төлеген. (Алматы халықаралық әуежайының жалғыз акционері – «ТАВ Қазақстан» (TAV Kazakhstan).) Аудиторлардың араласуынан кейін барлық сома әуежайдың шотына қайтарылды.

Қазақстан Халық партиясының депутаты Ирина Смирнова бұл фактіге таң қалу қажет емес деп санайды.

– Міне, Алматы әуежайының неліктен жайлы бола алмайтынының бір себебі осы, – деді мәжілісмен. – Осының салдарынан жөндеу жұмысын аяқтап, әуе айлағын қолайлы жағдайға келтіре алмай отыр! Бұл әуежайды жекеменшікке берудің салдары.

Бұған дейін Қоғамдық Палатаның отырысында сөз сөйлеген депутат отандық әуе тасымалдаушылардың жұмысын сынға алған болатын. Ол ұзақ мерзімді жөндеуден өтіп жатқан Алматы халықаралық әуежайын мал қамайтын қорамен салыстырған.

– Лас, суық және ол жерге жету қиын, – деп атап өтті И.Смирнова. – Бұл жерде жолаушылар болады, сонымен қатар жөндеу жұмысы жүріп жатады. Бірнеше жылдан бері осылай.

Қазақстандықтар «жөндеу жұмысына» да шағымдануда. Жаңғырту жұмысы барысында соғысқа дейінгі кезеңнің сәулет мұрасы болып табылатын, қаланың мәдени және тарихи ескерткіштері тізіміне енген әуежайдың ескі ғимараты бұзылды. Депутат мұны ыдыс-аяқ дүкеніндегі пілдің әрекетіне теңеді.

– Әуежайларды жекеменшікке сатуға болмайды деп санаймын! – деді И. Смирнова. – Бұл – стратегиялық нысан. Сенімгерлік басқаруға беруге болады, мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті пайдалануға болады. Әр түрлі формалар бар. Бірақ жеке қолға беруге болмайды!


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy