АЭС: бейбіт атом халық мүддесіне қызмет етеді

dep.jpg

Түркістан облысында АЭС құрылысына қатысты үгіт-насихат және түсіндіру жұмыстары белсенді түрде жүргізілуде. Еңбек ұжымдарымен кездесулер, мәселелерді талқылау, еліміздің болашақтағы энергетикалық тәуелсіздігіне қатысты оптимистік болжамдар сөзсіз оң нәтиже көрсетіп жатыр.

Жақында АЭС салуды қолдау жөніндегі Түркістан облыстық Халықтық штабының мүшелері М.Қыдырбек, З.Қамбарова және аудандық Халықтық штаб мүшелері Е.Бекет, Б.Муталиев, С.Сайманов Шардара мектеп-лицейі ұжымымен, Шардара су электр станциясының мамандарымен, Түркістан белсенді ұзақ өмір сүру орталығының мүшелерімен, Түркістан облыстық емдеу-дене шынықтыру диспансерінің қызметкерлерімен және Ә.Нұрмұханов атындағы Олимпиадалық резервтегі балалар мен жасөспірімдер мектебінің жаттықтырушылар құрамымен кездесті.

Отырыс барысында штаб мүшелері атом электр станциясын салудағы ең маңызды мәселе еліміздің энергетикалық әлеуетін қамтамасыз ету екенін айтты. Өйткені, қазірдің өзінде еліміз электр энергиясы тапшылығынан зардап шегіп отыр.

– Еліміздің оңтүстік аймақтарында халық тығыз орналасқан, оларды жарықсыз, жылусыз қалдыра алмаймыз. Әрбір өнеркәсіптік кәсіпорын, әрбір мекеме, соның ішінде медициналық орталықтар мен мектептер электр қуатына мұқтаж. Ал болашақ атом электр станциясы – энергетикалық ресурс тапшылығы жағдайында қалыптасқан күрделі жағдайдан шығудың негізгі жолы, - деді халықтық штаб мүшелері.

Сондай-ақ үгіт-насихат тобы атом электр станцияларының қаупі туралы мифтерді фактілерді келтіре отырып жоққа шығарды. Бүгінде заманауи атом электр станциялары максималды қауіпсіздік деңгейіне дейін жетілдірілген. – Әлем бойынша үш ірі атом электр станциясында апат болғаны бәрімізге мәлім. Бірақ олар өткен ғасырдың 70-ші жылдары салынған, ал соңғы 50 жыл ішінде атом энергетикасы саласындағы зерттеулер жаңарып, барлық қателікті ескере отырып, ғалымдар бейбіт атомдарды зиянсыз қолдануды меңгерді, - деді спикерлер.

Сонымен қатар АЭС – көмір мен газбен жағып, атмосфераға улы заттарды шығаратын және тірі табиғатқа қауіп төндіретін электр станцияларына қарағанда әлдеқайда тиімді, қуатты әрі экологиялық тұрғыда таза.

«Қазақстан 2016 жылдан бастап жаһандық жылынуға қарсы күресіп жатқан елдердің әлемдік қауымдастығына қосылды», - деп атап өтті олар.

Баяндамадан кейін Халықтық штаб мүшелері қатысушылардың сұрақтарына жауап берді. Қорытындылай келе, үгіт-насихат тобы барша азаматты биыл 6 қазанда өтетін АЭС құрылысы бойынша республикалық референдумға қатысуға шақырды.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy