Атырау облыстық Халықтық штабының өкілдері «KEGOC» АҚ ұжымымен кездесті.
Кездесуде АЭС-тің басқа энергия көздерімен салыстырғандағы артықшылықтары туралы айтылып, әлеуметтік желілерде кеңінен таралып жатқан мифтер мен жалған ақпараттар жоққа шығарылды. Сондай-ақ спикерлер энергетикалық тәуелсіздік пен қоршаған ортаға таралатын зиянды әсерді азайтудың маңызына кеңінен тоқталды.
– Бүгінде әлемді электр қуатынсыз елестету мүмкін емес. Өнеркәсіп пен өндіріс үшін ең маңызды ресурс. Жеткілікті энергия қуаты болмаса, Қазақстанның дамуында қиындықтар туындайды. Ал заманауи атом электр станциялары адамдардың еш қауіп төндірмейді. Бұған оның әлемнің жүздеген елінде қолданылып отырғаны дәлел бола алады, - деді штаб өкілдері.
Сонымен қатар «Каспий өңірі жоғары көпсалалы колледжінің» оқытушыларымен де кездесу өтті.
– АЭС жобасын әзірлеуді бастамас бұрын сала мамандары: энергетиктер мен атомсаласы ғалымдары, экономистер мен экологтар өз пікірін білдіріп, оң және теріс жақтарын таразылап, көптеген талқылау жүргізілді. Соңында артықшылықтары көп болып шықты. Сондықтан кәсіби мамандарға сенейік», - деді халықтық штаб мүшелері.
Кездесу соңында штаб өкілдері қатысушыларды 6 қазанда өтетін референдумға міндетті түрде қатысуға және дауыс беру арқылы еліміздің дамуына жол ашуға шақырды.