Оралда Қазақстандағы АЭС құрылысын қолдауға бағытталған үгіт-насихат науқаны жалғасуда. Бұл жауапты жұмысты жүргізу процесі алда өтетін жалпыхалықтық референдумның нәтижесімен тығыз байланысты.
АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штаб өңірдегі этномәдени бірлестіктердің өкілдерімен, еріктілермен, газ өңдеу саласының еңбек ұжымдарымен және Батыс Қазақстан облысындағы саяси партиялардың белсенділерімен бірқатар кездесу өткізді.
– Табиғи ресурстар, оның ішінде көмір, газ, мұнай қоры азайып келеді. Жер шарында өнеркәсіп пен халық санының өсуін ескеретін болсақ, қазба байлықтардың көзі сарқылудың аз-ақ алдында тұр. Оның үстіне 2060 жылға қарай әлемнің дамыған елдері көміртегі бейтараптығына қол жеткізуді, яғни атмосфераға тарайтын зиянды заттарды барынша азайтуды жоспарлап отыр, - дейді Халықтық штаб мүшелері.
Орал тұрғындары энергетикалық қуат жеткілікті болмаса, дамыған индустрия, экономика және сапалы өмір сүру деңгейіне қол жеткізу қиын екенін түсінеді. Сондықтан атом электр станциясын салу қажет.
«Ұрпағымыздың бақуатты болуын қаласақ, 6 қазанда өтетін референдумда АЭС салу идеясын қолдап дауыс беріп, дұрыс шешім қабылдауымыз керек», - деп атап өтті спикерлер.