СҚО-да АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штабтың құрамына ҚХП атынан енген мәслихат депутаттары халыққа ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
Петропавлда ҚХП атынан сайланған мәслихат депутаты Болат Қожахметов «БЭСТ» лингвистикалық гимназиясының ұстаздар қауымымен кездесті. Шара барысында партия мүшесі қатысушыларға неліктен бейбіт атомды қолдануға көшу қажет екенін түсіндірді.
– Әлемнің дамыған елдерінің атом энергетикасын дамытудағы тәжірибесіне сүйене отырып, біз АЭС салудың экономикалық тұрғыдан орынды әрі өзекті екеніне көз жеткіздік, – деді өз сөзінде Қожахметов.
Осы ретте депутат АЭС-тың қоршаған ортаға қауіпсіздігіне қатысты сұрақтарға жауап берді, сондай-ақ әлеуметтік желілерде тарап жатқан радиофобиялық мифтерді жоққа шығарды. Оның айтуынша, құрылыс кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдері барынша азайтылып, жобаны жүзеге асыру барысында Қазақстан АЭС-ті басқару үшін өз мамандарын дайындау мүмкіндігіне ие болады.
Уәлиханов аудандық мәслихатының депутаты, ҚХП мүшесі Гүлнар Баймағамбетова өз ауданында халықпен кездесу ұйымдастырды. Жиында АЭС салу мен оны қолданудағы қауіпсіздік мәселесі және елдің тұрақтылығы мен әл-ауқатын нығайту жолында елде атом энергетикасы саласын дамытудың маңызы талқыланды. Спикерлер отандық ядролық жобаның республика экономикасының болашағына қалай әсер ететінін жан-жақты түсіндірді.
Ал Аққайың аудандық мәслихатының депутаты Үмітжан Қасымова «Смирновский элеватор» ЖШС еңбек ұжымына ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Партия мүшесі қатысушыларға елімізде жылу және өзге де баламалы энергия көздерімен қатар атом энергетикасын дамыту да маңызды екенін айтып, АЭС құрылысы жөнінде егжей-тегжейлі мәлімет берді.