АЭС – энергия тапшылығын жою жолындағы ұтымды жоба

dep.jpg

Қазақстан Халық партиясының парламенттік фракциясы жиын өткізіп, онда депутаттардың өңірлерге жасаған іс-сапарлары мен халықпен түсіндіру кездесулерінің қорытындысы шығарылды. Бұл жұмыс АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штаб қызметінің аясында жүзеге асырылды. Сонымен қатар, ҚХП депутаттары алдағы референдумды және Қазақстанның атом энергетикасын дамытудың маңызын талқылады.

Алматы, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және тағы да басқа өңірлер. Жұмысшылармен, мұғалімдермен, дәрігерлермен, студенттермен, мәдениет қызметкерлерімен болған кездесулер. Сұрақ-жауап. Заманауи ядролық технологиялардың қауіпсіздігі және оларды экономикада, энергетикада, медицинада және ауыл шаруашылығында пайдалану туралы қызу пікірталас. Қазақстандықтарды азаматтық позициясын көрсетіп, референдумға келіп, елдің жарқын болашағы үшін дауыс беруге шақыру шаралары.

«Бізге атом электр станциясы қажет. Бұл энергия тапшылығынан және көрші елдерге тәуелділіктен құтылудың жалғыз жолы. Егер бұл жобаны қазір жүзеге асырмасақ, онда жарықтың сөніп қалуы әдеттегі жағдайға айналып, бәріміз үшін қиындық тудырады», - деп атап өтті фракция басшысы Магеррам Магеррамов.

АЭС-атың өзге станциялардан артықшылығы көп. Ол күн мен жел станциялары сияқты ауа райы жағдайына тәуелді болмайды, көмір жағатын ЖЭС-ке қарағанда қоршаған ортаға зиянсыз және реакторлардың жұмыс істеу мерзімі де ұзақ.

«Бүгінде әлемнің барлық жетекші мемлекеті атом электр станцияларын пайдаланады, өйткені бұл арзан электр энергиясының ең тұрақты көзі. Ал егер Қазақстан халқы АЭС құрылысын қолдап дауыс берсе, оны өз көзімізбен көреміз», - деді Магеррамов.

Фракция отырысында мәжілісмендер халықтың атом энергетикасын дамыту идеясын оң көзқараспен қабылдағанын атап өтті.

«Атом электр стансасы – Қазақстанның болашағы. Ал бұл тиісінше біздің балаларымыз бен немерелеріміздің өмір сүру мүмкіндіктерін айқындайды», - деп түйіндеді фракция басшысы.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy