ҚР Орталық сайлау комиссиясы 2024 жылғы 6 қазанға белгіленген республикалық референдумды дайындау және өткізу мәселелері бойынша отырыс өткізді. Референдумның тақырыбы – Қазақстанда атом электр станциясын салу. Отырыстан кейін БАҚ өкілдері үшін брифинг өтті.
ҚР ОСК төрағасының орынбасары Константин Петров хабарлағандай, дауыс беру күніне небәрі 25 күн қалды. Осы уақыт ішінде жергілікті атқарушы органдар сайлау учаскелерінің шекаралары туралы ақпаратты анықтап, жариялап, сайлаушылардың тізімдерін референдум учаскелеріне, сондай-ақ жоғары тұрған комиссиялар мен ОСК-ға беруі қажет. Алынған ақпараттың негізінде учаскелік комиссиялар сайлаушыларға олардың дауыс беру орны мен уақыты туралы хабарлама жібереді.
Бюллетеньде: «Сіз Қазақстанда АЭС салуға келісесіз бе?» деген сұрақ болады. Сәйкесінші, қатысушылар, «иә» немесе «жоқ» деген екі нұсқаның бірін таңдай алады. Дауыс беруге арналған бюллетеньдер учаскелерге дауыс беру күніне кемінде үш күн қалғанда немесе бір күн қалғанда жеткізіледі.
– 5 қазан – тыныштық күні. Бұл күні үгіт-насихат науқаны аяқталады. Сағат 00:00-ден бастап кез-келген үгіт-насихат әрекеттеріне тыйым салынады, - деп түсіндіріп өтті К.Петров.
ОСК мәліметінше, мемлекет аталмыш науқандағы үгіт-насихат жұмыстарына бюджет қаржысын жұмсамайды. Бұл туралы ҚР ОСК өкілі Анастасия Щегорцова мәлімдеді. Оның айтуынша, атом электр станциясының құрылысын жақтаушылар мен бұл шешімге қарсы тұлғалар өз көзқарастарын негіздей отырып, еркін үгіт-насихат жүргізе алады.
– Бұқаралық ақпарат құралдарында үгіт-насихат жүргізуге, соның ішінде, бұл иедяны қолдайтындарға да, оған қарсы пікір ұстанатындарға рұқсат етіледі. Ешқандай шектеу жоқ, - деді Щегорцова.
2 қыркүйек күні ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев АЭС салу бойынша республикалық референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл тақырып қоғамда бұрыннан кеңінен талқыланып келеді. Қазақстан Халық партиясы АЭС құрылысын қолдайды. Партия қазақстандықтарға үндеу жариялап, бірге қолдауға шақырды.
«...Саяси инфантилизмнен арылатын уақыты келді! Біз келешек ұрпаққа энергетикалық егемендік пен тәуелсіздікке кепілдік беріп, оларды жылумен және жарықпен қамтамасыз ете отырып, лайықты мұра қалдыруға тиіспіз! АЭС Қазақстанға қажет!», - делінген үндеу мәтінінде.