Маңғыстау облысында АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штабтың өкілі Ранида Балжанова Ақтау қаласында түсіндіру жұмыстарын жалғастыруда. Ол жұмыс жоспарына сәйкес Х.Өзбекғалиев атындағы жоғары политехникалық колледжінің оқытушыларымен және студенттерімен кездесті.
Баяндамада аудиторияға егжей-тегжейлі түсіндіруді қажет ететін негізгі мәселелер қамтылды. Оның ішінде стратегиялық нысанның маңызы, қауіпсіздік, басқа энергия көздерінен артықшылықтары айтылды.
– АЭС үлкен қуатқа ие және тұрақты әрі үздіксіз жұмыс істей алады. Жылу электр станцияларымен салыстырғанда атом электр станциялары көмір жағу кезінде пайда болатын радиоактивті элементтерді (радий, торий, полоний және т.б.) атмосфераға шығармайды, - деп спикер дәлелді мысалдар келтірді.
Яғни, атом электр станциясының экологияға да пайдасы бар. Сонымен қатар, үздіксіз энергиямен қамтамасыз етудің арқасында еліміздің индустриялық әлеуеті дамиды. Ал бұл жаңа жұмыс орындарының ашылуына, ел экономикасының көрсеткіштерін және азаматтардың өмір сүру деңгейін жақсартуға мүмкіндік береді.
«Атом электр станциясын салу және пайдалану кезіндегі қауіп-қатер жөнінде алаңдаудың қажеті жоқ. Себебі оның бәрі МАГАТЭ-нің қатаң бақылауында болады», - деп түйіндеді сөзін Ранида Балжанова.
Сондай-ақ, талқылауға қатысушылар жаңартылатын электр энергиясы, нысанның жарамдылық мерзімі, мамандардың біліктілігіне қатысты сұрақтарына жауап алды.
Атом электр станциясы жобасын қолдау үшін референдумға қатысып, заманауи талапқа сай нысанға дауыс беру керек.