Атом электр станциясы – ең алдымен елдің жарқын болашағы үшін салынбақ. Бұл ретте елдің болашағы – ол жастар екенін ұмытпаған жөн. Жас ұрпақ АЭС-тің энергетикалық әлеуетін пайдалана отырып, келешекте мемлекетіміздің жетістіктерін еселей түседі.
АЭС салуды қолдау жөніндегі Ақтөбе облыстық Халықтық штаб мүшелері белсенді жастармен және еріктілермен кездесу ұйымдастырды. Өңір жастары АЭС жобасына ерекше қызығушылық танытты.
Талқылауға қатысушылар АЭС-тің қаупі, оның еліміздің энергетикалық болашағындағы рөлі, сондай-ақ баламалы энергия көздеріне қатысты сұрақтар қойды.
Спикерлер қызықты тақырыптарды жан-жақты қамтып, әлемдік тәжірибе мен атом электр станцияларын пайдаланудың артықшылықтарын, экологиялық қауіпсіздік пен энергетикалық тәуелсіздікке ұмтылысты талқылады.
– Атом электр станциясының құрылысы жастардың кәсіби өсуіне бірегей мүмкіндіктер беріп, мыңдаған жұмыс орынын ашуға ықпал етеді. Демек, АЭС жобасын жүзеге асыру еліміздің өскелең ұрпағы үшін маңызды нысандардың біріне айналуы мүмкін, - деп атап өтті спикерлер.
Сондай-ақ жиында референдумға қатысудың маңызына да ерекше назар аударылды. Бұл мәселеде азаматтық позицияны көрсету – дамуға деген шынайы ұмтылыс, сондықтан Қазақстанның болашағын ойлайтын әрбір адам 6 қазанда дауыс беруге баруы тиіс.