АЭС салуды қолдау жөніндегі республикалық Халықтық штабтың жұмыс тобы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу мақсатында Екібастұз қаласына (Павлодар облысы) аттанды. Жұмыс тобының құрамына Парламент пен мәслихат депутаттары, сондай-ақ қоғамдық бірлестіктер мен саяси партиялардың өкілдері кірді. Олардың қатарында Қазақстан Халық партиясының төрағасы Ермұхамет Ертісбаев та бар.
Белсенділер қалада бірқатар кездесу мен түсіндіру шарасын өткізді. Атап айтқанда, Б.Нұржанов атындағы Екібастұз ГРЭС-1, Жастар бастамаларын дамыту орталығы, «Проммашкомплект» ЖШС және «Қайнар» орталығында болып, жергілікті еңбек ұжымдарымен, жастармен, еріктілермен және ұстаздар қауымымен кездесті. Барлық шараның жалпы мақсаты – сайлаушыларды республикамызда АЭС салу қажеттілігіне және жалпы атом энергетикасын одан әрі дамытуға сендіру. Осы ретте штаб мүшелері әлеуметтік желілерде өрбіген радиофобиялық мифтерді жоққа шығарып, тұрғындардың күдігін сейілтті.
Өкінішке қарай, қазақстандықтардың басым бөлігі АЭС дегенде бірден Чернобыль мен Фукусимадағы қайғылы апаттарды еске алады. Көпшілік алдында сөз сөйлеген ҚХП төрағасы Ермұхамет Ертісбаев жоғарыда аталған екі станцияның да жарты ғасыр бұрын салынғанын атап өтті. Сондай-ақ, заманауи жаңа буын АЭС адам факторының теріс әсерінен қорғалғанын және табиғи апаттарға төтеп бере алатынын түсіндірді.
– Бүгінде, әлем бойынша 500-ге жуық ядролық реактор бар. Бәрі де табысты түрде және қауіпсіз режимде жұмыс істеп тұр, – деді партия басшысы.
Сонымен қатар, қатысушылар АЭС құрылысы барысында жемқорлық әрекеттері орын алып, құрылыс аяқсыз қалмай ма деп алаңдаулы екендерін жеткізді. Ермұхамет Ертісбаев бұл сұраққа былай жауап берді.
– АЭС құрылысы іргетасын құюдан бастап, құрылыс толық аяқталғанға дейін МАГАТЭ мен басқа да ұйымдардың қатаң халықаралық бақылау аясында жүзеге асырылады, – деді Ермұхамет Ертісбаев.
Сондай-ақ, АЭС жобасы Қазақстанға энергетикалық тәуелсіздікке қол жеткізіп, электр энергиясының тапшылығымен күресуге көмектесіп қана қоймай өңірлердің, құрылыс және өңдеу өнеркәсібінің дамуына, электр қуатының сапасын арттыруға әсер ететінін атап өтті.