АЭС салу – жарқын болашақ жолындағы маңызды қадам

Қазақстан Халық партиясы – еліміздің гүлденуі мен энергетикалық тәуелсіздікке қол жеткізуіне мүдделі! Сәйкесінше, партия мүшелері мегаполистер мен өңірлерде АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штабтың ақпараттық жұмыстарына белсене қатысуда. 6 қазанда өтетін жалпыхалықтық референдумға дейін аз ғана уақыт қалды. Осы ретте ҚХП Маңғыстау облыстық филиалының өкілдері халыққа арналған бірнеше ақпараттық шараға қатысты.

«ҚазАзот» мекемесінің қызметкерлерімен өткен кездесуде партиялықтар қатысушыларға елімізде электр энергиясына деген сұраныстың жыл сайын артып келе жатқанын және қазіргі қолданыстағы энергия көздері елдің қажетті сұранысын қанағаттандыра алмайтынын айтты.

1

– АЭС елімізді электр энергиясымен қамтамасыз етіп қана қоймайды. Сондай-ақ кәсіпкерліктің дамуы тың серпін алып, қосымша жұмыс орындары ашылып, жастардың ғылыммен айналысуына мүмкіндік туады, – деп атап өтті партия мүшелері.

«Aikom Ltd» ЖШС ұжымымен болған жүздесубе Халықтық штаб мүшелері Ғазиза Тәжібаева, Ранида Балжанова және Аллаберген Қонарбаев қауіпсіз және экологиялық таза энергия көзін таңдаудың маңызы жөнінде айтты.

2

– Атом электр станциялары жетілдірілген қондырғылары мен үшінші буын реакторларының арқасында еш қауіп төндірмейді. Сондықтан, АЭС – еліміздің жарқын болашағына жасалған нағыз батыл қадам, – деді белсенділер.

Сондай-ақ «Маңғыстау Аренада» өңірдегі спортшыларға АЭС құрылысының қажеттілігін түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Болашақ чемпиондарға бұл шешімнің экономикалық тиімділігі мен ұтымдылығы туралы айтылды. Ақтау қаласындағы Энергетикалық колледж бен Туризм колледжінде де жастармен қызықты пікірталас өтіп, партия мүшелері студенттер мен оқытушыларға атом энергетикасын дамытудың оң жақтарын түсіндірді.

Қазақстанда атом электр станцияларын салуға барынша қолдау білдіріп отырған ұйымның бірі «МАЭК» ЖШС ұжымы болды. Олар атом энергиясынан қорықудың еш қажеті жоқ екенін растады. Бұған дейін кәсіпорында BN-350 жылдам нейтронды реактор жұмыс істеп, өңірді электр энергиясымен, жылумен және тұщы сумен сәтті қамтамасыз етіп келген. Ендігі кезекте, энергетиктер қазақстандықтар АЭС құрылысын қолдап дауыс беріп, еліміздің болашағы үшін береке мен тұрақтылық жолын таңдайды деп үміттенеді.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy