Мәслихат депутаттарының ІІ республикалық форумына Қазақстан Халық партиясынан сайланған Мәжіліс депутаты Кенжеғұл Сейітжан да әріптестерімен бірге қатысты. Мәжілісмен шараның жоғары деңгейде өткенін және онда ел дамуы үшін маңызды мәселелер талқыланғанын айтты.
Форумда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәслихат институтының маңызы жөнінде айтқандарын ерекше атап өтуге болады.
«Жергілікті өзін-өзі басқару органдары халықпен тікелей өзара іс-қимыл орнатудың өзегі саналады», - деп Мемлекет басшысының сөзін мысалға келтірді ҚХП депутаты.
Сондай-ақ, депутаттың айтуынша, елімізде мемлекет пен қоғамның өзара әрекеттесуі нығайып келеді. Ал оның жарқын мысалы ретінде Қазақстанда тұңғыш АЭС салу жөніндегі жалпыхалықтық референдумды айтуға болады. Президент бұл мәселеге қатысты өз ұстанымын білдірді (қолдайтынын айтып), алайда, түпкілікті шешімді халық қабылдайтынын баса айтты. Кенжеғұл Сейтжан да бейбіт атом жобасының жақтаушысы және ол қоғамға еш қауіп төндірмейді деп санайды.
«Осы тұста өз тәжірибеммен бөлісіп өткім келеді. 1991 жылдан 2022 жылға дейін реакторы бар Ядролық физика институтына жақын жерде тұрдым. Ол менің де, туыстарымның да денсаулығына еш зардабын тигізген жоқ», - деді ол.
Осылайша, мәжілісмен қазақстандықтарға АЭС-тен келер қауіп жөнінде алаңдамауға болатынын айтты.
«Баршаңызды АЭС құрылысын қолдауға шақырамын. Өз тәжірибеме сүйене отырып қорқуға негіз жоқ деп сеніммен айта аламын», - деп түйіндеді депутат.