Қатысу квотасы

dep.jpg

Фото: t.me/mazhilis_kz

Мәжіліс бірінші оқылымда жергілікті мемлекеттік басқару және өзін өзі басқару туралы заңнамаға өзгерістер мен толықтыруларды мақұлдады. Түзету ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын орындау аясында Парламент депутаттарының бастамасымен енгізілді. Құжат жергілікті басқару және өзін-өзі басқару жүйесін жетілдіруге, сондай-ақ әкімдердің диалог алаңын дамытуға бағытталған.

Депутат Екатерина Смышляеваның айтуынша, жаңашылдық өңірлердің позициясын күшейтуге және жергілікті биліктің мәртебесін арттыруға бағытталған. Олар өзін-өзі басқару институттарының жұмысын және дамуын реттеп, мәслихаттардың маңызын арттырады.

– Өңірлердің қаржылық дербестігін күшейтуге бағытталған нормалар енгізілді, – деп нақтылады Е.Смышляева. – Жергілікті өзін-өзі басқару органдары қаражатты бөлу мен шешім қабылдауда еркіндік алады. Сонымен қатар заң жобасы депутаттардың жауапкершілігін арттырып, мәслихат төрағаларының өкілеттік мерзімін шектейді.

Талқылау барысында Қазақстан Халық партиясынан сайланған депутат, ҚР Президенті жанындағы әлеуметтік осал санаттағы азаматтардың құқығы жөніндегі уәкіл Кенжеғұл Сейтжан Қоғамдық кеңестерде мүмкіндігі шектеулі жандар үшін 30% квота енгізу мәселесін көтерді. Оның айтуынша, бұл – өте маңызды әрі пайдалы азаматтық институт, алайда мүгедектігі бар адамдармен жұмыс істеу мәселесінде белсенділігі төмен.

– Мүгедектердің құқықтары туралы конвенция қағидаты бойынша көптеген мәселе шешілмей отыр, – деп атап өтті мәжілісмен әрі омбудсмен.

Екатерина Смышляева Қоғамдық кеңестердің жеке заңмен реттелетінін еске салды.

– Жалпы алғанда, менің ойымша, мұндай норманы қарастырып, енгізуге болады, – деді депутат. – Бірақ бұл норма дәл осы заң жобасында емес, «Қоғамдық кеңестер туралы» заңда қаралуы тиіс. Егер түзету ұсынсаңыздар, бірге пысықтайық. Екінші оқылымға дейін бұл мәселені ескеруге болады.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy