Қазақстан Халық партиясының парламенттік фракциясы Алименттік қор құру мәселесін қайта көтерді. Қазір Қазақстанда алимент бойынша жалпы берешек шамамен 18 млрд. теңгені құрайды. Бұл балаларына алимент төлеуден қасақана жалтарып жүрген борышкерлердің ғана қарызы.
ҚХП парламенттік фракциясының жетекшісі Магеррам Магеррамов атап өткендей, алимент төлемеу қоғамның ең осал топтарын қамтитын жүйелі әлеуметтік мәселеге айналды.
– Біреулер үшін бұл жай ғана сан болуы мүмкін, алайда осы санның артында дәл қазір қолдауға мұқтаж тірі балалар тұр, – деді мәжілісмен. – Уәкілетті орган алиментке мұқтаждардың үлесі небары 4%-ды құрайтынын айтады. Аз көрсеткіш болып көрінуі мүмкін, бірақ шын мәнінде бұл – үш жүз мыңнан астам бала.
Фракцияға бұрынғы жұбайларынан алимент өндіріп ала алмай жүрген әйелдерден үнемі шағым түсіп жатады. Олардың едәуір бөлігі – мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған аналар.
– Олар баланың өміріне қажетті негізгі шығындармен қатар, күнделікті күтім мен оңалтуға кететін шығындарды да көтеріп отыр, – деп түсіндірді Магеррам Магеррамов. – Неліктен әйелдер сот шешімін орындату үшін табалдырық тоздыруға мәжбүр болуы керек? Оларды өз мәселелерімен бетпе-бет қалдыру – іс жүзінде әлеуметтік тығырыққа тіреу деген сөз.
Соңғы он жылда ҚХП фракциясы алимент мәселесін жүйелі түрде көтеріп, балаларды қорғаудың нақты тетігін ұсынып келеді. Соның бірі – мемлекеттік Алименттік қор құру. Алайда Үкімет бұл бастаманы қолдамай отыр. Негізгі уәж – халық арасында масылдық қалыптасуы мүмкін.
– Үкіметтің мәселені түбегейлі шеше алмауы жауапсыздықтың қалыптасуына алып келді. Бұған қарыз көлемінің ұлғаюы бірден-бір дәлел, – деп атап өтті Магеррам Магеррамов. – Бұл жерде масылдықтан емес, кейбір ата-аналардың жазаланбайтынына сенімді болып, өз міндеттеріне немқұрайлы қарауынан қауіптену керек.
Ұсынылып отырған Алименттік қордың жұмыс тетігі қаражатты міндетті түрде кері өндіруді (регресс) көздейді. Яғни бұл масылдықты ынталандыру емес, ең алдымен балалардың мүддесін қорғау және кейін борышкерден қаражатты өндіріп алу.
– Алименттік қор – ата-аналарды қолдау шарасы емес, бұл – баланың құқығын қорғау механизмі екенін нақты түсіну қажет, – деп нақтылады депутат. – Бұл жүйенің өзегінде ең алдымен бала және оның лайықты өмір сүруге деген негізгі құқығы тұруы тиіс.
ҚХП фракциясы Үкімет Алименттік қор құрудан бас тартудың себебін іздемей, оны іске асырудың мүмкіндігін қарастыруы тиіс деп санайды.
– Мұндай тәсіл тетіктің тұрақтылығын қамтамасыз етіп қана қоймай, мемлекеттік ресурстарды ең өзекті әлеуметтік мәселелердің бірін шешуге бағыттауға мүмкіндік береді, – деп түйіндеді мәжілісмен.
@halyk_partiyasy