ҚР Парламенті Мәжілісіне Қазақстан Халық партиясынан сайланған депутаттар АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штабтың тапсырмалары аясында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін өңірлерді аралап жүр. Осы ретте мәжілісмен Ислам Сұңқар Павлодар облысына аттанды.
Қазақстан халық партиясы «бейбіт атомды» пайдалану идеясын қолдайды.
«Қазақстанда атом энергетикасын дамытуға барлық жағдай жасалған. Елімізде атом электр станциясын салу – объективті қажеттілік», - деп атап өтті депутат.
Ислам Сұңқар өзге партиядағы әріптестерімен, сондай-ақ мәслихаттың жергілікті депутаттарымен бірге Шарбақты ауданына барды. Агитаторлар жергілікті дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің ұжымымен және Сосновка ауылындағы «Сосновка» ЖШС ауылшаруашылық кәсіпорнының жұмысшыларымен, сондай-ақ Шақат ауылындағы «Красиловское» ЖШС-ның қызметкерлерімен кездесті. Ауыл тұрғындары 6 қазанда өтетін референдумға қатысуға дайын екенін жеткізді.
«Мұндай референдум ел тарихында алғаш рет өтпек. Сондықтан, бұл маңызды әрі стратегиялық шешім тек халықтың пікірін ескере отырып қабылдануы керек», - деп нақтылады ол.
Сондай-ақ Ислам Сұңқар Заборовка ауылындағы жергілікті мектептің мұғалімдерімен және «Ива» ЖШС жұмысшыларымен АЭС құрылысының келешегін талқылады.