АЭС – сенімді энергия көзі

Қазақстан халық партиясы АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штабтың жұмысы аясында мүмкіндігінше барша елдімекенді қамти отырып, тұрғындармен кездесіп, АЭС құрылысына қатысты маңызды мәселелерді түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.

Осы ретте Абай облыстық Халықтық штаб өкілдері Бесқарағай ауданында бірнеше жиын өткізді. Спикерлер қатарында Парламент пен мәслихат депутаттары, қоғамдық бірлестіктер мен саяси партиялардың өкілдері болды.

Алғашқы кездесу «Бесқарағай аудандық мәдениет үйі» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнының ұжымымен өтті. Онда АЭС құрылысының Қазақстанның энергетикалық жүйесін, өнеркәсібі мен экономикасын дамытуға оң әсері жөнінде дәлелді ақпараттар айтылды.

1

Қазіргідей энергия көзін көп қажет ететін заманауи технологиялар заманында атом электр станциясын салу энергия тапшылығын жоюдың сенімді әрі экологиялық таза көзі болып саналатыны түсіндірілді.

2

Халықтың басым бөлігін қауіпсіздік мәселесі алаңдататындықтан, осы тақырыпты талқылауға уақыт көп бөлінді. Атом электр станциясы – климаттың өзгеруімен күрес, энергетикалық сектордағы мұнай мен газды тұтынуды азайту, парникті газ бен жаһандық жылынуға қарсы тиімді шаралар қабылдау сияқты өзекті мәселелердің шешімі.

Халықтық штаб өкілдері аудандық аурухананың қызметкерлерімен де кездесті. Олар энергетикалық тәуелсіздікке қол жеткізу үшін заманауи АЭС салу қажеттілігін түсіндіре келе, көмір, мұнай және газды пайдаланудан шығатын көміртегі, метан және басқа да улы заттардын шығып атмосфераға тарайтын шығарындылардың кері әсері жөнінде де айтты.

3

Медицина қызметкерлері өз кезегінде нашар экология мен ауаның ластануына байланысты аурулардың көбейгенін атап өтті. Демек, АЭС осы мәселелердің алдын алуға ықпал етеді. Оған қоса ғалымдардың айтуынша, заманауи реакторлар адам өмірі мен қоршаған зиян келтірмейді.

Бесқарағай өңіріндегі үгіт- насихат жұмыстарының қорытындысы ретінде аудан ақсақалдарының қатысуымен дөңгелек үстел ұйымдастырылды.

4

Талқылау барысында АЭС құрылысының тиімді жақтары қарастырылып, оның халқы көп өңірлер үшін энергияның таптырмас көзіне айналатыны айтылды.

Атом электр станциялары парникті газдардың атмосфераға таралуын болдырмау үшін де қажет. Бұл өз кезегінде климаттың өзгеруіне қарсы күресте маңызды рөл атқарады.

Сонымен қатар АЭС энергияны үздіксіз өндіре алады, бұл жел немесе күн энергиясымен салыстырғанда әлдеқайда тиімді.

АЭС-ке қатысты ауыл тұрғындарын толғандырған сауалдың барлығына жауап берген Халықтық штаб мүшелері халықты 6 қазанда өтетін референдумда осы айтылған ақпараттарды ескере отырып, дұрыс шешім қабылдауға шақырды.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy