АЭС салуды қолдау жөніндегі облыстық халықтық штабтың өкілі Ерғали Жұмағұлов Петропавл қаласындағы инновациялық IT лицейінің ұстаздар қауымымен кездесті.
Спикер еліміздің экономикалық даму тенденцияларына тоқталып, өңірлердегі энергия тапшылығы мәселелерін қозғады, электр энергиясының баламалы көздерін пайдалану мысалдары мен дамыған елдердегі АЭС-ті пайдаланудың оң нәтиже көрсетіп отырғанын атап өтті.
– Мысалы, Біріккен Араб Әмірліктерінде мұнай көп, бірақ ол жақта атом электр станциясы да бар. Яғни, олардың шейхтері мұнайдың ерте ме, кеш пе таусылуы мүмкін екенін, ал индустрияның энергиясыз дами алмайтынын түсініп отыр. Атом электр станциялары электр энергиясымен тұрақты түрде қамтамасыз ете алады. Оның үстіне ол қуаттырақ әрі экологиялық тұрғыда таза», - деп нақтылады штаб өкілі.
Ерғали Серғалиұлы жиналғандардың сұрақтарына жауап беріп, АЭС құрылысы бойынша референдумға әрбір қазақстандықтың қатысуы неліктен маңызды екенін түсіндірді.
Облыстық АЭС салуды қолдау жөніндегі халықтық штабтың мүшесі Болат Қожахметов болашақ студенттер жатақханасының құрылыс алаңында «Основание» ЖШС жұмысшыларымен жүздесті.
Ол елімізде АЭС салуға түрткі болған себептерге тоқталып, алдағы референдумның мақсаттары мен міндеттерін түсіндірді. Сондай-ақ тыңдаушыларды референдумға қатысып, атом стансасының құрылысына қатысты азаматтық ұстанымын білдіруге шақырды.