АЭС-тің пайдасын қазіргі жастарымыз бен болашақ ұрпақ көреді – Мемлекет басшысы

dep.jpg

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда АЭС салу мәселесіне қатысты өз ұстанымын білдірді. Сонымен қатар, Халықтық штабтың атом электр станциясын салу бойынша жүргізіп жатқан үгіт-насихат жұмыстарына ризашылығын білдірді.

Барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының 2-ші республикалық форумында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы санаулы күннен кейін қазақ халқы жалпыхалықтық референдумда республикада атом электр станциясының салынатынын не салынбайтынын шешетінін еске салды.

«Дауыс беру нәтижесі қандай болса да, бұл – айтулы уақиға. Алдағы референдум Қазақстанда соңғы бес жылда болған ауқымды өзгерістердің тағы бір мысалы, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының жарқын көрінісі», - деді Президент.

Осы ретте Мемлекет басшысы референдумға қатысты өз ұстанымын анық білдірді.

«Әлемдегі прогрестен шет қалмау үшін біз бәсекелестікте өз артықшылықтарымызды пайдалануымыз керек. Азаматтар қолдап дауыс берсе, бұл Тәуелсіз Қазақстанның бүкіл тарихындағы ең ірі жобаға айналады», - деп нақтылады Мемлекет басшысы.

Тоқаевтың айтуынша, ұзақмерзімді ядролық жоба еліміздің алдағы онжылдықтардағы орнықты дамуын қамтамасыз етіп, оның энергетикалық егемендігін нығайтады, экономиканың, ғылым мен білімнің әртүрлі саласын дамытуға қуатты серпін береді, сонымен қатар әртүрлі бейіндегі мамандар мен инженерлер легін даярлауға жағдай жасайды.

«Заман талабы осындай. Оның пайдасын қазіргі жастарымыз бен болашақ ұрпақ көреді», - деп түйіндеді ол.

Сонымен қатар, Президент АЭС салуды қолдау жөніндегі Халық штабтың жұмысын ерекше атап өтті.

«Штаб саяси партиялар мен түрлі қоғамдық ұйымдардың өкілдерін, сондай-ақ ғалымдарды, сарапшыларды, өндіріс мамандары мен кәсіпкерлерді біріктірді. Азаматтардың ұйысып, ортақ іске жұмыла кірісе алатынын көрсетті. Дамуға ұмтылыс – ұлтымыздың ең жақсы қасиеттерінің бірі», - деді Президент.

Халықтық штаб қазақстандықтар арасында белсенді түрде үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп келеді. Қазақстан Халық партиясы да осы штабтың құрамына еніп, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына белсене қатысуда. Партия алғашқылардың бірі болып республика азаматтарына үндеу жасап, отандық ядролық жобаны қолдауға шақырды. Сонымен қатар, ҚР Парламенті Мәжілісі мен Мәслихат депутаттары, сондай-ақ өңірлердегі партия филиалдарының өкілдері атом электр станцияларының құрылысына арналған түрлі кездесулер, дөңгелек үстелдер мен ақпараттық іс-шаралар өткізді.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy