АЭС туралы референдумның түпкілікті нәтижесі жарияланды

dep.jpg

Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы атом электр станциясын салу жөніндегі референдумның соңғы қорытындысын жариялады. Қорытындыға сәйкес, қазақстандықтар елімізде атом электр станциясын салуды қажет деп таныды.

ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіровтің мәліметінше, дауыс беруге 7 820 204 азамат (63,66%) қатысты. АЭС құрылысын қолдап дауыс бергендер саны 5 561 937 адамды (71,12%) құрады. Қарсы дауыс бергендер саны – 2 045 271 адам.

«Референдум қорытындысына сәйкес Қазақстанда атом электр станциясын салу туралы шешім қабылданды. Референдумда қабылданған шешім жарияланған күннен бастап күшіне енеді. Ол Қазақстанның бүкіл аумағында міндетті болып табылады және актімен растауды талап етпейді», - деп атап өтті Әбдіров.

АЭС құрылысы бойынша референдум 6 қазан күні өтті. Бюллетеньде бір сұрақ болды: «Сіз Қазақстанда атом электр станциясын салуға келісесіз бе?». Ал дауыс берушінің таңдауына екі жауап нұсқасы ұсынылды: «иә, келісемін» және «жоқ, келіспеймін».

Қазақстан Халық партиясы парламенттік фракциясының жетекшісі, Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов референдумда қазақстандықтар азаматтық ұстанымдарының белсенді екенін көрсетті деп есептейді.

«Референдум нәтижесі қазақстандықтардың АЭС салу ел үшін ұтымды шешім екенін түсінетінін білдіреді. Бұл электр энергиясының тапшылығы мен еліміздің энергетикалық тәуелділігінің ұлғаюына байланысты туындайтын келешек мәселелердің бірден-бір шешімі», - деп нақтылады депутат.

Осы ретте фракция жетекшісі АЭС құрылысы мен референдум тақырыбы бірнеше ай бойы бүкіл ақпарат айдынында кеңінен талқыланғанын еске салды.

«Мемлекет үгіт-насихат жұмыстарын белсенді түрде жүргізгенін мойындау керек. Ал референдумға қарсылық танытқандай халықты қорқыту саясатын таңдады. Бірақ олар ешқандай да дұрыс, объективті әрі логикалық дәлелдер келтіре алмады», - деді ол.

ҚХП депутаты науқан кезінде АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штабтың маңызды рөл атқарғанын, оның құрамына көптеген қоғамдық бірлестіктер мен саяси партиялар (соның ішінде Қазақстан Халық партиясы да) енгенін атап өтті. Бұл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси бағытын жүзеге асырудағы маңызды қадам болды.

«Референдумдағы дауыс беру нәтижелері республикамыздың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидаттарына адал екенін айқындап берді», - деп түйіндеді мәжілісмен.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy