Қарағандыда еліміздегі атом электр станциясының құрылысы бойынша түсіндіру жұмыстары жалғасуда. Осы ретте Халықтық штаб өкілдері «Грандстор» сауда үйінің ұжымымен және М.Әуезов атындағы орталық қалалық кітапхана қызметкерлерімен кездесті.
Үгіт-насихат тобы АЭС құрылысы елдегі технологиялық прогресс пен ғылымның дамуына әсер етіп, экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етудегі саяси-әлеуметтік маңызы да зор екенін атап өтті.
«Атом электр станциясы түрлі сала бойынша жаңа мүмкіндіктер береді. Сондықтан референдумда дауыс беру өте маңызды», - деді Халықтық штаб мүшелері.
Аудиторияның қызығушылық танытып, сұрақ қоюы кездесулер оң нәтиже көрсеткенінің дәлелі. Осылайша, қатысушылар жағдайға бей-жай қарамай, ақпаратты қабылдады деп нық сеніммен айта аламыз.
Агитаторлардың міндеті – түсіндіру, шынайы жауап беру, сол арқылы халықтың сенім деңгейін арттыру. Балқаш қалалық Халықтық штабының өкілі Қаныш Ысқақов кездесулер барысында осы тәсілді қолданады.
«Жібек жолы» құрылыс дүкенінің ұжымымен, «Стоматолог» стоматологиясының медицина қызметкерлерімен сұхбаттасқан ол тыңдаушыларды толғандырған мәселелерді талқылау барысында АЭС құрылысының негізгі себептерін мұқият түсіндіріп берді.
Үгіт-насихат жұмыстарының қорытынды нәтижесі – 6 қазанда жаңа шешімді жүзеге асыруды қолдайтын азаматтарымыздың дауысы болмақ.