Мәжіліс пен Сенат депутаттары АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штабтың жұмысы аясында өңірлерде үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуде. Қазақстан халықтық партиясынан сайланған мәжілісмен Ислам Сұңқар әріптестерімен бірге Павлодар облысына барды.
Депутаттар үгіт-насихат жұмыстары кезінде шалғайдағы ауылдар, өндірістік кәсіпорындар мен оқу орындары сияқты нысандарды барынша қамтуға тырысып жатыр. Олардың мақсаты – халыққа елімізде атом энергетикасын дамытудың қажет екенін және бұл мәселені шешуде әрбір қазақстандықтың дауысы маңызды екенін ұғындыру.
Халықтық штабтың жұмыс тобы Железин, Пещаное, Тереңқұл, Шақа және Шоқтал ауылдарында барып, жергілікті халықпен кездесулер өткізді. Мәжіліс пен мәслихат депутаттары Тереңқұл ауданына қарасты «Павлодар мұнай-химия зауыты» ЖШС мен ауылшаруашылық техникалық колледжінде, Железин аудандық ауруханасында және аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Жиындарға сарапшы ретінде Ядролық технологиялардың қауіпсіздігі жөніндегі ғылыми-техникалық орталық атқарушы директорының орынбасары Александр Клепиков шақырылды. Ол азаматтарға ең өзекті техникалық мәселелерді түсіндірді.
ҚХП депутаты Ислам Сұңқар жұмыс сапарлары жемісті өтті деп санайды.
«Атом электр стансасын салу сияқты маңызды стратегиялық шешім халықтың пікірін ескере отырып қабылдануы тиіс», - деді ол өз сөзінде.
Экономикалық өсу, қолданыстағы станциялардың тозуы, күн және жел энергиясы генераторларының тұрақсыздығы, газдың қымбаттауы сияқты мәселелердің кесірінен Қазақстан электр энергиясын шет елдерден импорттауға мәжбүр болып отыр. Бұл жеке тұтынушылар үшін де, кәсіпкерлер үшін де коммуналдық қызмет тарифтерінің автоматты түрде қымбаттауына себепші болады. Яғни, елде ішкі инфляция мен қымбатшылықты туындайды. Бұл шеңберден шығудың бір ғана жолы бар – ол атом электр станциясын салу.
«Қазақстанда атом энергетикасын дамытуға барлық жағдай жасалған. Және біз бұл мүмкіндікті пайдалануымыз керек», - деді Ислам Сұңқар.
Атом электр станциясын салу бойынша референдум 2024 жылдың 6 қазанында өтеді.