Қазақстан Халық партиясының төрағасы Ермұхамет Ертісбаев әйелдерді 8 Наурыз мерекесімен құттықтады. Партияның орталық кеңсесінде Халықаралық әйелдер күніне арналған ресми жиналыс өтті.
Ертісбаев ҚХП дамуына нәзік жандылардың қосқан үлесін атап өтіп, бұл мерекенің ең алдымен саяси мереке екенін еске салды.
– Бастапқыда бұл күн әйелдердің азаматтық, экономикалық және саяси құқықтары үшін күрестің өзіндік символы болды, - деп нақтылады ҚХП басшысы. - Сайлау құқығы үшін, білім алу құқығы үшін, қауіпсіз және барабар ақы төленетін еңбек құқығы үшін және тағы басқалар үшін.
Қазіргі жағдайда әйелдердің құқықтарын қорғау да өзекті мәселе. Қазір ҚХП көпбалалы аналарды әлеуметтік қамсыздандыру, мемлекеттік Алименттік қорды қалыптастыру арқылы жалғызілікті аналарға қамқорлық жасау және ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған аналарға еңбекақы төлеу мәселелеріне қолдау білдіріп келеді. Бұл да әйелдер құқығын қорғаудың қажеттілігі.
– Қазақстан Халық партиясы әрдайым саясатта және билік органдарында әйелдердің тепе-теңдігін жақтап келді, - деп атап өтті Ертісбаев. - Әйелдердің кез келген мемлекеттік қызметті атқару мүмкіндігі болуы тиіс, бұл мемлекеттік басқару жүйесінің жұмысына оң әсерін тигізеді.
ҚХП Әйелдер қанатының жетекшісі Гүлбахша Мұсабаева Біріккен Араб Әмірліктерінің Парламентін мысалға келтірді, оның 50% -ы әйелдер. Бұл ретте әлгі ел әлемдегі ең гүлденіп, қарыштап дамыған елдер қатарында.
– Гендерлік теңдік - бұл құқықтар мен мүмкіндіктердің теңдігі, - деп атап өтті Мұсабаева. - Бұл Қазақстанның қазіргі заманғы саясатының ажырамас бөлігі.
Әйелдер қанатының басшысы әйелдер мен қоғамдық пікір көшбасшылары белсенді қатысқан өңірлерде өткізілген алқалы жиындар жайлы әңгімелеп берді.
– Қазіргі уақытта ҚХП әйелдер қанаты жұмысының бір бағыты - жоғары басшылық лауазымдарға әйелдер қатарынан резерв құру, - деп хабарлады Мұсабаева.
Жиналыс соңында әйелдерді Қазақстан Халық партиясының аймақтық филиалдарының басшылары құттықтады.