Ақпарат - алаяқтың қаруы ма?

dep.jpg

Жалпыға бірдей декларациялау қылмыскерлерге көмек болуы мүмкін. Қазақстан Халық партиясы ел азаматтарының дербес деректерін сақтау проблемасын көтеруде.

Қазақстандықтардың жеке ақпараты құпиялығынан айрылып, «жан-жаққа» таралып кеткен оқиғалар өте көп кездесіп отыр. Бұған «Мемлекеттік техникалық қызмет» АҚ-ның (МТҚ) 2 миллионнан астам дербес деректерін жіберіп алған оқиғасын да қосуға болады. Ал БЖЗҚ, Air Astana және Қазақтелеком компанияларында болған деректердің таралып кету проблемалары бойынша қазір тексеріс жүргізіліп жатыр.

– Интернет-алаяқтықтан зардап шеккендер санының көп болуының басты себебі де дәл осы, - деп атап өтті Мәжілістің жалпы отырысында ҚХП фракциясының басшысы, депутат Магеррам Магеррамов.

2023 жылдың қорытындысы бойынша ҚР ҚК 190-бабының 2-бөлігі (интернет-алаяқтық) бойынша қылмыстық істердің саны 158 474 іс болған. Қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамның анықталмауына байланысты 92 954 іс бойынша тергеу тоқтатылды.

– Бұл статистика «кибер» қылмыс болған жағдайда құқық қорғау органдарының қылмыспен күресуге қабілетсіздігін көрсетеді, - деді Магеррамов. Интернет-алаяқтық санатындағы қылмыстардың ашылуы 50% -дан кем, бұл қылмыскерлердің әрекеттерінен зардап шеккен азаматтарды қорғауға қандай да бір кепілдіктің жоқтығын көрсетеді.

ҚХП депутаттарының пікірінше, барлық ересек азаматтардың мүлкі, ақшасы мен асыл заттары көрініс табатын жалпыға бірдей декларациялау қылмыстық ұйымдар үшін «алтын қалтаға» айналады, ал бұл ақпаратты беру, сату немесе жария ету жағдайлары қоғамда қорқытып алушылық, ұрлық және алаяқтық санының артуына алып келеді.

– Бүгінгі күннің өзінде жаппай декларациялаудың жоқтығы жағдайында дербес деректерді қорғау тетіктері жұмыс істемейді, - деп мәлімдеді Магеррамов. - Біз азаматтардың жалпыға ортақ декларациясын енгізуге асығып отырған жоқпыз ба? Азаматтардың декларацияланған деректері қылмыстық саудаласудың нысанасына айналмайтынына және қылмыскерлердің қолына түспейтініне кім кепілдік бере алады?

Мәжіліс депутаты депутаттық сауалды аяқтай отырып, шенеуніктерді мәселеге «қағаз бәрін көтереді» деген немқұрайдылықпен қарамай, нақты жауап беруге шақырды.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy