Парламенттік сессияның ашылу қарсаңында Қазақстан Халық партиясы өз фракциясының отырысын өткізді. Дәстүр бойынша, іс-шараның толық видео-нұсқасы партияның youtube арнасында жарияланды.
ҚХП Төрағасы Ермұхамет Ертісбаев атап өткендей, әрбір депутат өңірлермен, партия бөлімшелерімен және жалпы сайлаушылармен ұдайы тұрақты байланыста болуы тиіс. Сонымен қатар, кез келген мәселенің шешілуіне барынша ықпал етуі керек.
– Отандастарымыз Халық партиясының депутаттарын жүзбе-жүз тануы керек, – деп атап өтті төраға. – Халықпен және атқарушы билікпен диалог кезінде арзан популизммен айналысудың қажеті жоқ, бірақ әрбір мәселені дипломатиялық жолмен шешіп отыру – маңызды қадам.
ҚХП парламенттік фракциясының жұмысы туралы оның жетекшісі, Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов сөз етті. Оның айтуынша, 8-ші шақырылымның бірінші сессиясы небәрі 100 күнге созылған. Осынау аз ғана уақыт ішінде Халық партиясының фракциясы 4 заң жобасына бастамашылық жасап, әртүрлі заңдар мен кодекстерге 33 түзету енгізіп, 26 депутаттық сауал жолдаған. ҚХП депутаттары жеке азаматтардан келіп түскен 503 өтінішті қарап, жеке қабылдау барысында 809 сайлаушыны қабылдаған және 4 дөңгелек үстел өткізген.
– Осы жүз күн ішінде біз азаматтарымыздан келіп түскен өзекті мәселелерді таразылап, күрмеуі қиын түйткілдерді мәжіліс мінберінен көтердік, – деп атап өтті Магеррамов. – Сондай-ақ, біз басқа фракциялардың өкілдерімен іскерлік қарым-қатынас орнаттық. Бұл барлық партиялардың елдік мәселеге келгенде ынтымақтастық ниетте қарекет жасап жатқандығын айғақтайды.
Ал ҚХП депутаты Ирина Смирнова атап өткендей, Халық партиясының арқасында заңсыз құрылысқа жол берілген Фесенкова атындағы обсерватория мен Астрофизикалық институтқа тиесілі аумақтар мемлекетке қайтарылған. Сонымен қатар, Мәжілісмен білім беру жүйесіндегі сыбайлас жемқорлыққа шағымданып, оны барынша ашық қаржыландыруды ұсынды.
Фракция депутаты Кенжеғұл Сейтжан болса, ерекше қажеттіліктері бар адамдардың өзекті мәселелерін мәжіліс мінберінен көтеруге мүмкіндік берген партияластарға алғысын білдірді. Алдағы сессияда Сейітжан мүгедектігі бар адамдар үшін жеңілдіктерді монетизациялауға күш салады. Бұл қадам шенеуніктер тарапынан осы саладағы теріс қылықтарды болдырмауға мүмкіндік береді.
Ал әріптесі Гаухар Танашева болса, қазақстандық көпбалалы отбасылардың алдында тұрған өзекті мәселелер туралы сөз етті. Сонымен қатар, халық қалаулысы қазір мемлекеттік органдардың өкілдері көпбалалы отбасыларға, оның асырауындағыларға «масылдар» деген тіркесті пайдаланбауы тиіс деді. «Ол үшін қоғамдық пікірді саналы түрде өзгертуіміз керек» деген ойын да ашық айтты.
Халық партиясының ең жас депутаты Ислам Сұңқар болса, жастардың әлеуметтік мәселелерін шешу, атап айтқанда, білім берудің қолжетімділігі және қала сыртындағы студенттерді жатақханалармен қамтамасыз ету жайын әңгімеледі.
Отырысты қорытындылай келе, Ермұхамет Ертісбаев ҚХП депутаттары парламенттік фракцияның екінші сессиясында жұмыстарын айқын көрсетуі тиіс деп ойын түйіндеді. Сонымен қатар халық қалаулыларына өздері тұрған бейінді комитеттердің мүмкіндіктерін белсенді пайдалануды, еңбек саласындағы мәселелерді шешуді және әлеуметтік Кодекстің кемшіліктерін түзетумен айналысуды, жалпы алғанда, сайлаушылар талабына сай бейімделуді ұсынды.