Алдағы міндеттер айқындалды

dep.jpg

Үкіметтің кеңейтілген отырысында жарияланған Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмалары Үкімет пен Парламентке қатар бағытталған. Қазақстан Халық партиясының депутаты Асылбек Нұралин осындай пікір білдірді.

Экономиканы дамыту мақсатында шетел инвестициясын тарту, жаңа тарифтік саясат, салықтық өзгерістер және т.б. міндеттер айқындалды.

«Менің ойымша, бұл мәселелер Парламентте талқыланатын болады. Үкіметпен бірлесе отырып, салық жүйесін реформалау бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгіземіз», - деді депутат.

Асылбек Нұралиннің пікірінше, Мемлекет басшысы жариялаған техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін ауқымды трансформациялау мәселесіне ерекше тоқталып, оған барлық тиісті ведомстволар, ең бастысы, жеке сектор белсенді атсалысуы қажет. Сонымен қатар депутат жұмысты болашақ қызметкерлерді кәсіби даярлаумен айналысатын колледждерден бастау керек екенін атап өтті. Нақтырақ айтқанда: оқу орындарының деңгейін көтеру, олардың материалдық базасын дамыту, студенттер нақты өндірісте практикадан өте алатындай жағдай жасау және т.б.

– Біз бұл мәселені әлеуметтік әріптестік бойынша салалық келісімдер жасасу кезінде қарастыра аламыз. Қызметкерлер мен жұмыс берушілер арасында ұжымдық шарттар жасасу кезінде осыны көрсеткен жөн. Қазіргі кадр тапшылығы жағдайында жұмыс берушілердің өздері де ең алдымен, кәсіби кадрларға қызығушылық танытады, - деді ол.

Және, әрине, Қазақстанда атом электр станциясын салу мәселесі де өте өзекті болып отыр. Дәлірек айтқанда, екі ауқымды міндет тұр. Біріншісі – мердігерді таңдау. Бастапқыда консорциум құру туралы сөз болды, бірақ оның құрамына кім кіретіні туралы әзірге түпкілікті шешім белгісіз. Ал екінші маңызды мәселе – қауіпсіздік.

«Референдум өтті, халық оны қолдады. АЭС қажет екенін бәрі түсінеді», - деді Нұралин.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy