Қазақстан Халық партиясынан сайланған Мәжіліс депутаты Кенжеғұл Сейітжан ҚР Президенті жанындағы Халықтың әлеуметтік осал топтарының құқықтары жөніндегі уәкіл болып тағайындалды. Ол болашақ жоспарлары туралы айтып берді.
Депутат жаңа орында үлкен жұмыс күтіп тұрғанын атап өтті. Оның пікірінше, халықтың осал топтарын әлеуметтік қорғау жақында қабылданған Әлеуметтік Кодекске жаңа тәсілдер мен елеулі түзетулер енгізуді талап етеді.
– Мемлекеттің саясаты инклюзивтілік, кемсітпеушілік, тең құқылық және азаматтық қоғаммен өзара іс-қимыл қағидаттарына негізделуі тиіс, - деп атап өтті мәжілісмен. - Мемлекеттік бағдарламалар мен қолдау шаралары қабылданатын топтарға әрқашан құлақ қойып, тыңдау аса маңызды.
Депутат қоғамда ең көп кемсітушілік көретін және ең осал санаттардың бірі саналатын мүгедектігі бар адамдардың (МБА) құқықтарын қорғау бойынша жұмысты одан әрі жалғастыруға ниетті екенін жеткізді.
– Мүгедектігі бар адамдардың құқықтары туралы жаңа Заң қабылдау қажет, - деп атап өтті Кенжеғұл Сейтжан. - Онда ең алдымен МБА құқықтарының іске асырылуына және оларды бұзғаны үшін жауапкершілікке кепілдік беретін құқықтар кепілдендірілуі және кемсітушілікке қарсы нормалар жазылуы тиіс.
Сондай-ақ, мәжілісменнің айтуынша, мемлекетке кедергісіз ортаны қамтамасыз ету тәсілдерін пандустар мен тактильді жолдармен ғана шектелмейтін етіп, түбегейлі өзгерту қажет.
– Барлық деңгейдегі білім беруге, денсаулық сақтауға, коммерциялық та, мемлекеттік те қызметтерге, еңбекке, ақпаратқа, сандық өнімдер мен ақпараттық технологияларға, спортқа және т.б. қол жеткізудегі кедергілерді жою қажет, - деп мәлімдеді К.Сейтжан. - Мүгедектiгi бар адамдарға және басқа да осал топтарға көрсетiлетiн қызметтердегі жеңілдіктерді кезең-кезеңiмен және терең ойлана отырып, ақшамен алмастыру қажет.
Кенжеғұл Сейтжан әлеуметтік омбудсмен лауазымына жаңадан тағайындалуымен қатар, Мәжіліс депутаты ретінде жұмысын жалғастырады.