Қазақстан халықаралық инстанцияларға мүгедектігі бар адамдардың құқықтарының бұзылуына қатысты алғашқы шағым жолдады. Шағымды Симоненко отбасының мүддесі үшін әрекет ететін Адам құқықтары жөніндегі қазақстандық халықаралық бюродан адвокат Андрей Гришин берді. Өтініш Симоненконың Алматыда 20 жылдан астам уақыт тұрып келе жатқан жер учаскесін мәжбүрлеп иеліктен шығару жағдайына қатысты.
Қазақстандықтардың халықаралық институттарға жүгіну мүмкіндігі өткен жылдан, республика Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияға тиісті хаттама қабылдаған кезден бастап пайда болды. ҚР Президенті жанындағы Халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал санаттарының құқықтары жөніндегі уәкіл, Қазақстан Халық партиясынан сайланған Мәжіліс депутаты Кенжеғұл Сейітжанның пікірінше, бұл шағым алғашқы шағым болып саналады. Әрине, соңғысы емес.
– Егер мемлекеттік органдар халықтың әлеуметтік осал санаттарының құқықтары мен мүдделеріне қатысты мәселелерді жедел әрі сапалы шешпесе, олар көмекке қайда жүгінетінін білетін болады, - деп атап өтті омбудсмен. - Мүгедектердің құқықтары жөніндегі комитет шағымдарды қабылдауға және азаматтардың құқықтарын қорғауға әрқашан дайын екенін есте сақтау керек.
Кенжеғұл Сейітжан қоғамдағы әрбір адам лайықты өмір сүруге толық құқылы және бұл құқықты қамтамасыз ету баршаның басты міндеттерінің бірі болып табылады деп санайды.
– Мен Үкіметтің барлық мүшелерін халықтың әлеуметтік осал санаттарының мұқтаждықтары мен проблемаларына ерекше назар аударуға шақырамын, - деп атап өтті ол. - Олардың құқықтарын қолдау мен қорғаудың тиімді тетіктерін дамытып, енгізу қажет. Бұл тек халықаралық міндеттемелерді сақтау мәселесі ғана емес, сонымен қатар біздің жоғары адамгершілігіміз бен өркениеттілік деңгейіміздің көрсеткіші.
Мәжіліс депутаты тек бірлескен күш-жігер арқылы ғана әрбір азаматтың құқықтарын құрметтейтін және сақтайтын әділлетті де, инклюзивті қоғам құруға болады деп санайды.