Алматы табиғи және техногендік апаттардан қалай қорғалады

Сайлаушылармен кездесу аясында Қазақ тан Халық партиясынан сайланған Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова мен оның партияластары Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаментіне барды.

Төтенше жағдайлар министрлігі және оның өңірлердегі бөлімшелері халықты өрттен, селден, су тасқынынан, көшкіннен, өнеркәсіптік, табиғи және техногендік сипаттағы басқа да апаттардан қорғауды қамтамасыз етеді.

Департамент қызметкерлері қонақтарға танымдық экскурсия ұйымдастырып, өрт жағдайын бақылау жабдықтарының жұмысымен таныстырды. Қалада 10 мыңға жуық өрт гидранты жұмыс істейді, өрт сөндіру машиналары оқиға орнына баруға сақадай сай тұрады.

– Кез келген өртке машиналар бірнеше минутта жете алады, – деді ТЖД қызметкерлері. – Өрт туралы белгі қашықтан басқару пультіне түседі және автоматты түрде жақын жердегі өр сөндіру қызметіне жолданады.

Қаладағы электронды экрандарға өрттің орны туралы ақпарат және көлік жүргізушілеріне арнайы машиналарға жол беру туралы өтініш келіп түседі. Басқару пультінің экранынан алынған ақпарат тіркеледі, жазылады және мұрағатталады. Ирина Смирнова бөлімшелердің жұмысын жоғары бағалады, бірақ қызметкерлердің киіп жүрген киімнің сапасы сын көтермейтінін атап өтті.

– Синтетикалық киім өте ыңғайсыз, – деді депутат. – Жазда, + 42 градус ыстықта мұндай киімді кию мүмкін емес. Осы киімді жасағандар мен мақұлдағандар өздері үнемі осы киімді киіп жүрсе қалай болар еді?

ТЖД таулардағы еріген мұздықтарда пайда болатын мореналық көлдерді де бақылайды. Көлдердің толып кетуінің салдарынан су массалары сел ағынын қалыптастырып, қалаға ағуы мүмкін. ТЖД бұл жағдайды да назарда ұстайды.

Барлық жиналған ақпарат басқару пультіне түседі және талданады. Содан кейін төтенше жағдайдың алдын алу үшін көлдердің қайсын жасанды түрде біртіндеп босату қажеттігіне қатысты шешім қабылданады. Бұл жұмыстардың барлығы тәулік бойы жүргізіледі.

– Кәсібіне адал адамдар ғана осылай жұмыс істейді, – деді И.Смирнова кездесу қорытындысында. – Жұмысшылар жұмыс орындарын өздері жабдықтайды, олар ескі құрылғыларды көздің қарашығындай сақтауға тырысады. Өкініштісі олардың еңбекақысы мардымсыз. Олар көзге көрінбейтін қаһармандар. Олар лайықты бағалануы керек.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy