Алматы қаласында жаңа жер сілкінісі тіркелді. ТЖМ мәліметінше, тербеліс қуаты 5 балдан жоғары болды, бұл қаңтардағы сілкіністен де қуатты көрсеткіш.
Қаңтар айындағы «сілкіністерден» айырмашылығы, бұл жолы алматылықтарды эвакуациялау әлдеқайда ұйымдасқан түрде өтті. Кешігіп болса да, құлақтандыру жүйесі іске қосылды (SMS-тарату әдеттегідей кешігіп жолданды). Жедел штаб қысқа мерзімде жиналып, жұмысқа кірісті.
– Қаланың барлық тіршілікті қамтамасыз ету жүйелері іске қосылған, - деп есеп берді Алматы әкімдігі. - Халықты жинау пункттері жұмыс істеп тұр.
Бірқатар оқу орындарында сабақтар тоқтатылды. Метро біраз уақытқа тоқтатылды. Көптеген қала тұрғындары Алматыдан шығып кетуге асыққандықтан, мегаполистен шығатын жолдағы кептелістер нағыз проблемаға айналды. Такси қызметінің құны 2 есеге жуық күрт қымбаттады.
Ал қаладағы ғимараттар бұл жолы едәуір зардап шекті, қабырғаларда жарықтар пайда болды, кей жерлерде сылақ пен кафельдер шытынап, ғимарат төбелері мен қасбеттер құлады. Келтірілген залалды әлі есептеп шығу керек.
– Бүгінгі таңда аудандық әкімдіктер жанынан кешенді зерттеу жүргізу үшін уәкілетті органдардың жұмыс топтары құрылды, - деп хабарлады Алматы әкімдігі.
Шұғыл түрде Сейсмикалық жағдайды бағалау жөніндегі комиссияның кезектен тыс отырысы ұйымдастырылды. Сарапшылар таяу күндері Алматы полигонының аумағында 70% ықтималдықпен қатты жер сілкінісі күтілмейді деген қорытынды жасады. Қаладағы тығыз әрі ретсіз салу қаупі әлі күнге дейін шешілмей отырған мәселе болғандықтан, халық «жер сілкінісі қайталанбайды» деген сөзге барынша сенгісі келеді. Бұған дейін Қазақстан Халық партиясының депутаттары бұл мәселені Мәжіліс отырысында көтерген болатын.
– Алматыда көпқабатты тұрғын үй кешендерінің құрылысы тікелей жердің тектоникалық жарықшақтарында белсенді жүргізілуде, - деп атап өткен еді мәжілісмен Ислам Сұңқар депутаттық сауалында. - Мұндай құрылыстың қауіптілігі жер сілкінісі кезінде топырақтың жылдамдығы жоғары болып, тік және көлденең қозғалысқа ықпал етеді. Бұл жағдайда тау жыныстары қопарылып, орны толмас қауіп-қатерге ұрындыруы да мүмкін.