Әлсіз, сонда да болса үміт күттіреді

dep.jpg

Қазақстан Халық партиясының депутаты Ирина Смирнова Су Кодексінің су қорын пайдалануды қоғамдық бақылауға бағытталған жаңа нормаларын «өте оптимистік» деп атады. Шенеуніктер су ресурстарын қорғау жөніндегі міндеттерді жұртшылықтың «мойнына асып қойды», бірақ, әдеттегідей, құқықтар мен өкілеттіктерді белгілеуді «ұмытып кетті».

Мәжіліс депутаты атап өткендей, қоғамдағы көпшілік түрлі мәселелерге назар аударады, оның ішінде экология саласындағы түйіткілді жағдайларға да ерекше мән береді және шешуге әрекет жасайды.

– Бірақ мен тағы да оның қалай шешілетін тетігін таба алмадым, - деді ҚХП-дан сайланған депутат. - Яғни, жұртшылық тағы да айқайлайды, шағымданады, ал ешкім ештеңені өзгертпейді.

Смирнова жобаны әзірлеушіге қоғамдық мониторинг нәтижелерін іске асыру үшін қандай мүмкіндік беру керектігін ойластыруды ұсынды. Ал мысал ретінде Алматы облысының Қарғалы ауылындағы жағдайды келтірді, онда өзен ластанып, қоқыс басқан, бірақ атқарушы билік жергілікті тұрғындардың жан айқайы мен өтініштеріне қарамастан ешқандай шара қолданбайды.

ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің бірінші вице-министрі Болат Бекнияз осындай мәселелерді шешуге жұртшылықтың қатысу тетігі заңнамада «нашар жазылған» деп дипломатиялық түрде келісті. Сонымен қоса, жұртшылық пен билік арасындағы байланысты нығайтатын үйлестіруші кеңестердің рөлін күшейтуге және өкілеттіктерін ұлғайтуға уәде берді.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy