Депутат Гаухар Танашева мәжілісмендердің сайлаушылармен кездесу мақсатындағы өңірлерге сапары аясында Қызылорда облысында барды.
Аймаққа жұмыс сапарымен барған Г.Танашева Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевпен кездесті. Кездесу барысында қатысушылар алдағы уақытқа арналған жоспарларды және жалпы өңірді дамыту жөніндегі мәселелерді талқылады. Облыс әкімі жергілікті атқарушы органдар саяси партиялармен қашан да сындарлы ынтымақтастық қатынас орнатуға ниетті екенін жеткізді.
Сонымен қатар, депутат өңірдегі ірі көпсалалы облыстық аурухананың жұмысымен танысты. Танашева ең алдымен, перзентханаға барып, ондағы жас аналармен сұхбаттасып, кардиохирургиялық және нейрохирургиялық бөлімшелердің пациенттерімен де жүздесіп, сөйлесті.
– Елімізде қоғамның ерекше назарын қажет ететін әлеуметтік топтар бар. Олар: көпбалалы аналар, жалғызбасты аналар және ерекше балаларды тәрбиелеп отырған аналар. Сәйкесінше, оларға қашан да тиісті көмекті көрсетіп, мәселелеріне мән беру маңызды, – деп атап өтті Мәжіліс депутаты.
Қазақстан халық партиясы Мәжілісте көпбалалы аналардың мәртебесін тұрақтандыру мәселесін бірнеше рет көтерді. Өйткені, бүгінде шенеуніктердің пікірінше, балалар ересек болып, кәмелетке толған кезде, көпбалалы ана автоматты түрде мәртебесінен айырылуы тиіс. Осылайша тиісті әлеуметтік жеңілдіктерін де жоғалтады. Ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған аналардың жағдайы тіпті қиын. Көбіне олар науқас баласына қарау үшін жұмыссыз отыруға мәжбүр. Демек, олардың еңбек өтілі мен зейнетақы жинақтары болмайды. Мүгедектігі бар адамдар да зейнетақы немесе жәрдемақының біреуін ғана таңдауға мәжбүр. Мұны да оларға қарсы әділетсіз әрекеттердің бірі деуге болады.
Сондай-ақ көпбалалы отбасыларда ата-ананың екеуі де жұмыс істеуге мәжбүр болатын сәттер жиі кездеседі. Ал балалар үйде қараусыз қалып, соңы қайғылы жағдаймен аяқталып жатады. Оған Аягөзде, Астанада немесе Қарқаралыда болған қайғылы оқиғалар дәлел.
– Мұндайға жол бермес үшін ата-аналардың бірі балаларының қасында болып, олардың қауіпсіздігін қадағалап отыруы керек. Сондықтан да Қазақстан халық партиясы, отбасындағы балалар санына қарамастан, әрқайсысы үшін жеткілікті көлемде бірыңғай жәрдемақы төлеу туралы мәселені Мәжіліс мінберінде тағы да көтереді. Әр бала бақытты болуға және де әр азамат мемлекет қамқорлығында болуға лайық!, – деп түйіндеді Гаухар Танашева.