«Қарағайлы» шағын ауданы көмекке мұқтаж

Семей қаласы «Қарағайлы» шағын ауданының тұрғындары дабыл қақты. Олардың айтуынша, шағын ауданда инфрақұрылым жоқтың қасы. Ал балалар ойын алаңдарының тапшылығын сезініп жүр.

Қазақстан Халық партиясына көмек сұрап келген тұрғындар сумен жабдықтау жүйесі мен электр желісінің сапасы сын көтермейтінін, жертөлелерді өз қаражатына жөндеп жүргендерін айтты.

«Қарағайлы» шағын ауданы жақында ғана бой көтерді. Мұндағы тұрғындардың басым бөлігі баспанаға мемлекеттік бағдарлама арқылы қол жеткізген.

Қоныс тойдан кейін тұрғындар құрылыстың сапасыздығына шағымдана бастады. Ал мердігер «Азия» ЖШС үйлердің қабырғасының жарылуына алаңдаудың қажеті жоқ дегенді алға тартты.

Кейінгі жылдары үйлер әбден отырды. Салдарынан сумен қамтамасыз ету мәселесі туды. Қате жобаланған құбыр су қысымын төмендетті. Жоғарғы қабаттардағы тұрғындарға су жетпейтін болды.

– Барлығымыз ипотека төлеп отырмыз, – деді тұрғындар. – Өкінішке қарай, біз үйді жөндеуге қосымша несие алуға мәжбүрміз. Үйді пайдалануға қабылдаған кезде комиссия қайда қараған?

Шағын аудан шалғайда орналасқан. Оны Семеймен жалғыз автобус байланыстырады. Жалғыз қоғамдық көлік тұрғындардың сұранысын қанағаттандырмайды.

Жергілікті мектепте оқушы шамадан тыс көп. Ауданда бір-ақ дүкен бар.

– Жергілікті атқарушы биліктің жауапкершілігін күшейту керек, – деді ҚХП Астана қалалық филиалының төрағасы, ұйымдастыру бөлімі бастығының м.а. Нұрдәулет Оразханов. – Олар мердігерлермен бірлесіп, кемшіліктерді жоюы керек.

Мәселені ҚХП Абай облыстық филиалының басшысы, Семей қалалық мәслихатының депутаты Айдын Егеубаев бақылауға алды.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy