АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штаб мүшелері үгіт-насихат жұмыстары кезінде ең алдымен халықпен ашық диалог құруға тырысады. Аудиторияда мазмұнды баяндама ғана емес, сонымен қатар талқыланатын тақырып туралы оң пікір қалыптастыру да маңызды.
АЭС салу қажеттілігін түсіндіру мақсатында Халықтық штабтың өкілі Ерғали Жұмағұлов Петропавл металл конструкциялары зауытының еңбек ұжымымен жүздесті.
Ол еліміздегі энергетика саласын дамытудың маңызын, заманауи экономиканы жаңғырту үдерістерінің мәнін түсіндіріп, елдегі өмір сүру сапасын жақсарту үшін әрбір азаматты дұрыс таңдау жасауға шақырды.
Халықтық штабтың тағы бір мүшесі Болат Қожахметов Петропавл қаласындағы №24 орта мектептің мұғалімдерімен кездесті. Диалог барысында заманауи энергетика саласының дамуы мен келешегі, бейбіт атом энергетикасын белсенді дамыту, адам ресурстары және атом электр станцияларының қауіпсіздігі мәселелері талқыланды.
Қойған сұрақтарға жауап берген спикер Қазақстанның даму векторын айқындайтын бұл референдумға қатысу өте маңызды екенін еске салды.