Мәжіліс депутаты, Қазақстан Халық партиясы фракциясының жетекшісі Магеррам Магеррамов «Архив: жаңа дәуір, жаңа мүмкіндіктер» атты халықаралық форумға қатысты. Шара Астана қалалық мемлекеттік архивінің 30 жылдығына арналды.
Форум барысында депутат ұйымдастырушыларға ҚХП атынан құттықтау хатын табыстады.
«Сіздердің табандылықпен атқарып жүрген еңбектеріңіздің арқасында қаламыздың өткені сақталып, тарихы жалғасуда. Архив қорларын толықтыруға, елорда тарихын зерттеуге бағытталған белсенді қызметтеріңіз жоғары бағаға лайық. Сондай-ақ бұл қызмет ерекше шыдамдылықты, ұқыптылықты және зор төзімділікті қажет етеді. Өйткені бүгінгі күннің ақпаратын болашақ ұрпаққа жеткізу – үлкен жауапкершілік», – делінген құттықтауда.
Магеррамовтың пікірінше, архив – жай ғана құжаттар қоймасы емес, ол – халықтың тірі жады, өткен мен бүгінді жалғайтын шежіре.

– Архив қызметкерлерінің еңбегінің арқасында зерттеушілер де, қарапайым азаматтар да шынайы дереккөздерге қол жеткізіп, көптеген сұрақтарына жауап таба алады, – деді депутат.
Сондай-ақ ол өткен аптада Мәжілісте архив ісіне қатысты заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданғанын еске салды.

– Жаңа заң архив ісін дамытуға, заманауи технологияларды енгізуге, қорларды цифрландыруға және азаматтар мен ғылыми қауымдастық үшін архив материалдарының қолжетімділігін арттыруға серпін береді деп сенемін, – деп түйіндеді Мәжіліс депутаты.
@halyk_partiyasy