АЭС құрылыс бойынша үгіт-насихат жұмыстары аяқталды. Жалпыхалықтық референдум 6 қазан күні өтеді. Демек, бүгін ақпараттық-түсіндіру жұмыстары мен мен акцияларының соңғы күні. Осы ретте АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штабының мүшелері уақытты тиімді пайдалануға тырысуда.
Бүгін АЭС салуды қолдау жөніндегі халықтық штаб өкілдері №25744 әскери бөліміне барып, әскери қызметкерлерге атом электр станциясы туралы ақпарат беріп, осы мәселе бойынша референдумда дұрыс шешім қабылдауға шақырды.
«Атом электр станциясының құрылысы елдегі электр энергиясы тапшылығы мәселесін шешетінін, экономиканың өсуіне, жаңа жұмыс орындарының ашылуына, қоршаған ортаға таралатын зиянды қалдықтарды азайтуға ықпал ететінін атап өткім келеді», - деді штаб мүшесі Киікбай Жаулин.
– Әлемнің жетекші елдерінің атом электр станцияларына қатысты тәжірибесіне сүйене отырып, атом энергетикасының мүмкіндігі зор екенін айта кеткен жөн. Аталмыш станцияда жұмыс істейтін немесе оған жақын жерде тұратын адамдардың денсаулығына кері әсерін тигізеді деген ақпарат – жалған. АЭС техникалық жағынан қауіпсіз, станцияда жұмыс істейтін мамандар ең қатаң іріктеуден өтеді, яғни, онда жоғары білікті кадрлар қызмет атақаратын болады.Себебі, біріншіден, атом электр станциясы стратегиялық нысан саналады. Екіншіден, станцияның құрылысы мен оны пайдалану процесі МАГАТЭ тарапынан үнемі бақылауда болады, - деп нақтылады штаб өкілі Марат Молдағұлов.
Ақпараттық баяндамадан соң тыңдаушылар бірқатар сұрақтарын қойып, оларға тұшымды жауаптар алды. Ал әскери қызметкерлер Халықтық штаб өкілдеріне түсіндірме жұмыстарын тиісті деңгейде жүргізгені үшін алғыс білдірді. Сөз соңында спикерлер барша қатысушыны АЭС жобасы бойынша республикалық референдумға қатысуға шақырды.