Астана қалалық мәслихатының депутаты Дархан Рамазанов қала тұрғындарымен бірқатар кездесулер өткізді. Астаналықтар инженерлік желілердің сапасыздығы мен инфрақұрылымның проблемаларына шағымданды.
Алғашқы кездесу «Отау» шағын ауданының тұрғындарымен өтті. Рамазановтан басқа оған Астана әкімдігінің өкілдері (соның ішінде елордалық тұрғын үй инспекциясы), сондай-ақ «Базис-А» құрылыс компаниясының қызметкерлері қатысты. Шағын ауданда тұрғын үй мемлекеттік бағдарлама аясында салынып, бөлінген. Қазір тұрғындар құрылыс пен инженерлік желілердің сапасына шағымданып отыр. Шатырдан су ағады, қабырғалар үгітіліп жатыр, сумен қамтамасыз етуде іркілістер бар. «Кепілдік мерзімі әлі аяқталмағандықтан, үйді салған компания өзінің кемшіліктерін жоюы тиіс. Ал сумен жабдықтау желілері «Астана су арнасы» коммуналдық кәсіпорнының теңгеріміне берілсін»,-дейді жергілікті халық.
«Отау» шағын ауданының тағы бір проблемасы - оның шалғайлығы. Алайда мұнда қалыпты заманауи жол инфрақұрылымы жоқ. Тұрғындар қала басшылығынан қосымша жаяу жүргіншілер өткелін жабдықтауды және аялдама павильондарын орнатуды өтінді.
«Интернациональный» (Учхоз) шағын ауданында да өз қиындықтары бар, онда кәріз желілері жеткіліксіз. Шағын аудан тұрғындарының бір бөлігі (негізінен халықтың әлеуметтік осал топтарының өкілдері) абаттандырылған үйлерде тұратынына қарамастан, септикалық резервуарларды пайдалануға мәжбүр. Ал қоқыстан тазарту қызметін төлеу, сондай-ақ кәріз жүйелерін өз есебінен үйлерге «тарту» тым қымбатқа түсіп отыр. Дархан Рамазанов құзырлы органдарға тиісті өтініштер дайындап, мәселенің мәнін жеткізуге уәде берді.
– Анықталған проблемаларды жою және аталған шағын аудандар тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту үшін барлық қажетті шаралар қабылданады, - деп сендірді ол.