Атом электр станциялары – таза әрі тұрақты энергия көзі

Мәжіліс депутаты, ҚХП фракциясының мүшесі Ислам Сұңқар депутаттық корпустағы әріптестерімен бірге жұмыс сапарымен Павлодар облысында жүр. Өзге облыстардағыдай мұнда да депутаттар АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штабтың тапсырмасы бойынша халық арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуде.

Павлодарда үгіт-насихат тобы «Қазақтелеком» АҚ және «Қазақстан темір жолы» АҚ еңбек ұжымдарымен кездесті, сонымен қатар жергілікті «Аналар үйінде» болды. Халық қалаулылары облыстағы Павлодар және Успен аудандарына да барды. Мұнда денсаулық сақтау және мәдениет қызметкерлерінің қатысуымен іс-шаралар өтті.

2

Барлық отырыста депутаттар елге атом электр станциясын салу қажет екенін азаматтарға түсіндіріп, оларды алдағы референдумда «иә!» деп дауыс беруге шақырды. Олар елдегі энергия тапшылығы артып келе жатқанын айтып, АЭС-тің экономикалық және экологиялық артықшылықтары туралы баяндады. Сондай-ақ әлеуметтік желілерде белсенді түрде тарап жатқан радиофобты мифтерді жоққа шығарды.

3

ҚХП депутаты Ислам Сұңқар өз сөзінде атом электр станцияларының, әсіресе көмір жағатын станциялармен салыстырғанда экологиялық тұрғыда әлдеқайда таза екеніне ерекше тоқталды.

— Атом электр станциясы – ең таза энергия көздерінің бірі. Мысалы, көмір зауыттарын пайдалану кезінде жыл сайын ауаны ластайтын улы заттар мен 7 миллион тоннаға дейін көмірқышқыл газы бөлінеді, – деді ол өз сөзінде.

1

Қорытындылай келе, партия мүшесі «бейбіт атом» саласын дамытудың өзектілігін нақтылап өтті.

– Бізге жаңа энергия көздері қажет. Ал атом электр станциясы – ең тиімді нұсқалардың бірі, – деді мәжілісмен.

Сонымен қатар, Ислам Сұңқар Новочерноярка ауылындағы «Есіктен есікке» акциясына да қатысты. Ол жергілікті тұрғындарға Қазақстандағы атом электр станциясының құрылысы туралы ақпараттық буклеттер таратты.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy