Ауыл – ел бесігі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ауыл әкімдердің диалог-платформасы» форумына қатысып, ауылды дамытудың ел үшін стратегиялық маңызы бар екенін айтты. Жиынға қатысушылардың 80 пайызы – ауылдық округтердің әкімдері.

Президент ауыл мәселесі әрқашан ерекше назарда болуы тиіс сала екенін атап өтті. Бүгінде ауыл әкімдерін тұрғындар тікелей сайлайды.

1

– Ауыл әкімін сайлау – саяси партиялардың өңірлердегі белсенділігін арттырды. Олар өз кандидаттарын ұсынып, сайлау жұмысына тікелей қатысты. 1500-ден астам партия өкілі әкім болып сайланды, – деді Президент.

2

Мемлекет басшысы жүргізілген реформалардың нәтижесінде ауылдарға бөлінетін қаражат тиімді игеріліп келе жатқанын айтты. Ауылдардың табысы артып, мемлекеттік қолдауға тәуелділігі азайып келеді.

– Ауылдардың әлеуеті жыл сайын нығайып келеді. Өзін-өзі қамтамасыз ете алатын елді мекендердің саны артты. Алда ауылдағы жағдайды түзеп, жүйелі жұмыс қалыптастыру міндеті тұр, – деп нақтылады Мемлекет басшысы.

Соңғы жылдары жергілікті атқарушы органдардың өкілеттіктері кезең-кезеңімен кеңейіп жатыр. Мәжіліс «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заңға өзгеріс енгізу мәселесін қарастыруда. Бұл түзетулер ауыл әкімдерінің көше саудасын бақылау, қоғамдық аумақтарды абаттандыру, арнайы техника сатып алу сияқты өкілеттіктерін кеңейтуді көздейді. Өкілеттікті арттыру экономикалық ресурстарды тиімді бөлу арқылы іске асырылуы тиіс.

– Ауыл әкімдерінің құзыреті нақты әрі түсінікті болуы керек. Депутаттар заң жобасын талқылағанда осыны ескергені жөн, – деді Тоқаев.

Сонымен қатар ауыл әкімдерінің халық алдындағы жауапкершілігі күшейтіледі. Әкімдер сайлауалды бағдарламаларының орындалуы жөнінде тұрғындарға тұрақты есеп беруге міндеттелмек. Өз міндетін атқара алмаған әкімдерді қызметінен босатудың тиімді тетіктерін де қарастыру қажет.

– Нағыз әкім – адамдарды ортақ мақсатқа жұмылдыра алатын тұлға. Оның басты міндеті – халықтың тұрмысын жақсарту. Әрбір адамның әл-ауқаты – бүкіл ауыл дамуының кепілі, – деді Президент.

Қазақстан Халық партиясы фракциясының жетекшісі, Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов ауылды дамыту мәселелері партия жұмысының басым бағыттарының бірі екенін еске салды. Оның айтуынша, ауыл әкімдері арасында ҚХП-ның да өкілдері бар.

3

– Президент ел болашағы ауылдан басталатынын нақты айтты. Форумда жол, мектеп, жұмыс орындары, тұрғындардың өмір сапасы, билікке деген сенім, ауылдардың әлеуеті мен жауапкершілік туралы ашық әңгіме болды, – деді Магеррамов.

Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова да форумда ауыл әкімдеріне ғана емес, Үкімет пен Парламентке де нақты міндеттер жүктелгенін атап өтті.

4

– «Ауыл – ел бесігі» деген Президенттің сөзі ауыл мен оның тұрғындарына деген көзқарасымызды айқын көрсетеді, – деді ол.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy