Аграрлық несие кім үшін қолжетімді?

dep.jpg

Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің отырысы барысында Аграрлық несие корпорациясының қызметі талқыланды. Жиында Қазақстан Халық партиясының депутаты Ирина Смирнова еліміздің агроөнеркәсіптік кешенін несиелеуде байқалып отырған біртүрлі процеске назар аударды – қаржылай көмек көбіне аяққа нық тұрған, өзін дәлелдеген ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне ғана көрсетіледі.

Мәжіліс депутатының айтуынша, фермерлік шаруашылықты енді бастап жатқан жаңа кәсіпкерлерге арнап берілетін арнайы несиені алу – іс жүзінде мүмкін емес.

– Қазіргі жүйе бойынша несиені тек тұрақты жұмыс істеп тұрған ірі шаруашылықтар ғана алады. Ал олар онсыз да ондаған жыл бойы жеңілдетілген несие мен субсидияны алып келеді! – деді депутат.

Осылайша, «баршаға қолжетімді» деп жарияланып жүрген аграрлық несиелендіру шын мәнінде тек санаулы кәсіпорындарға ғана қолжетімді болып отыр. Қалғандарының даму мүмкіндігі жоқ. Депутат мұндай тәсілді дұрыс емес деп есептейді.

– Ауыл – бұл елдің негізі, онсыз тұрақтылық болмайды! Бірақ адамдар жұмыс істеуге жағдай жоқ болғандықтан, қалаға көшіп жатыр. Сонда ауылда кім қалады? Ауылда кім еңбек етеді? Ауылды қалай дамытамыз? – деді Смирнова.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy