Қазақстан Халық партиясынан Шет аудандық мәслихатының депутаттығына кандидат Аман Адамбаев ҚХП Қарағанды облыстық филиалындағы серіктестерінің қолдауымен сайлаушыларға үгіт-насихат жүргізу жұмыстарын жалғастыруда.
Партиялықтар осындай шаралардың бірін Мойынты ауылындағы Мәдениет үйінде өткізді. Оған ауыл ақсақалдары, зиялы қауым, жастар қатысты. Аман Адамбаев жиналғандарды партияның сайлауалды бағдарламасымен таныстырып, алдағы жоспарларына тоқталды. Ауыл тұрғындары өздерін толғандырып жүрген мәселелерін айтты. Мәселен, Мойынтыға жаңа балабақша, ауыл мектебіне күрделі жөндеу, жергілікті үш қабатты үйлерге автономды қазандық қажет екені белгілі болды. Сондай-ақ, 2018 жылы ауылда жаңа дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілгенімен, онда дәрігерлер өте тапшы.
«Ауылда жастардың спортпен айналысуына мүмкіндік беретін арнайы спорт залдары жоқ. Балалар мен жасөспірімдер үлкен спорт кешенін армандайды», - деп атап өтті сайлаушылар.
Дегенмен, ауыл тұрғындары ең күрделі мәселе ретінде жол инфрақұрылымы мәселесін атады. Олар Ағадыр-Мойынты тас жолын жөндеп, асфальттауды сұрады.
Одан бөлек, ҚХП кандидаты Қиықты ауылына да барды. Ауыл тұрғындарының саны 764 адам болса, оның 460-ы сайлаушылар. Адамбаев жиналғандарға өзінің сайлауалды бағдарламасын баяндап, қойылған сұрақтарға жауап берді.
Ауыл тұрғындары партия өкіліне сумен қамту, жол және демалыс инфрақұрылымы мәселелерін жеткізді.
«Ауылда 60-тан астам бала футбол ойнайды. Бірақ ол үшін арнайы алаң жоқ», - деді сайлаушылар.
Тағы бір кезекті кездесу Босаға ауылында өтті. Мұндағы мәселелер де су мен жолдың төңірегінде. Сонымен қатар, тұрғындар көмірдің сапасына шағымданды. Кездесуді қорытындылай келе кандидат партия филиалы бұл мәселелерді өз бақылауына алатынын баса айтты.