Еліміздегі ауыл шаруашылығы саласын қалай табысты ете аламыз? Бұл сауалға Мәжіліс депутаттары Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдерімен бірге жауап іздеді. Жоғарғы соттың субсидияға бөлінген бюджет қаражатын пайдалану тиімділігі туралы есебін тыңдаған депутаттар шенеуніктерге ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау деңгейін 8,5 пайызға жеткізуді ұсынды.
Сонымен қатар, мәжілісмендер Үкіметтен ЕАЭО елдерінің келісілген агроөнеркәсіптік саясат шараларын іске асыру бойынша міндеттемелерін орындауды қамтамасыз ету бойынша нақты жұмыс жүргізуді сұрады. Осы ретте ауыл шаруашылығы техникасы паркін жаңартуды жылына 8-10%-ға жеткізу мақсатында жеңілдетілген несие мен ауыл шаруашылығы техникасын лизингке беруді қаржыландыруды ұлғайту ұсынылып отыр. Сондай-ақ депутаттар Ауыл шаруашылығы министрлігіне агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың стратегиялық жоспарлауын жетілдіруді, жергілікті атқарушы органдардың саланы субсидиялаудағы қызметін үйлестіруді күшейтуді, субсидияларды төлеудің кешіктірілуіне жол бермеу үшін бюджет қаражатының пайдаланылуына мониторинг пен бақылауды жүзеге асыруды ұсынды.
Қазақстан Халық партиясының депутаты, Мәжілістің Аграрлық мәселелер комитетінің өкілі Ислам Сұңқар агроөнеркәсіп кешенінің барлық негізгі бағыты бойынша субсидиялардың көп бөлігін ірі кәсіпорындардың алатынына назар аударды.
«Ал шағын және орта шаруа қожалықтары үшін субсидия алудың тетіктері жоқ. Мұндай ауыл шаруашылығы құрылымдарының субсидия алуына не кедергі? Ал қазіргі жағдайды түзеу үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі қандай шараларды жоспарлап отыр?», - деп сұрады Ислам Сұңқар.
Басқарма басшысы Айдарбек Сапаров бұл мәселе қазір шешілгенін айтты, яни, субсидиялау ережелеріне барлық қажетті өзгерістер енгізілген.
«Бүгінде шағын қожалық болсын, орта шаруа қожалығы болсын, субсидиялаудың бірыңғай ережелері бар. Желтоқсан айынан бастап сол ереже бойынша субсидия беріп жатырмыз», - деді Айдарбек Сапаров.
Ислам Сұңқар осындай жауап боларын күткенін жеткізді.
«Біз жалпы тенденцияны өзгертіп, шағын және орта шаруашылықтар да субсидия алатындай жүйені ынталандыруымыз керек. Біз негізінен бай ірі кәсіпорындарды ғана қаржыландырмаймыз», - деп атап өтті депутат.