ҚР Оқу-ағарту министрлігі өз бұйрықтарына түзетулер енгізді. Енді ата-аналар оқушыны бір мектептен екіншісіне демалыста ғана емес, өзіне ыңғайлы кез келген уақытта ауыстыра алады. Бұдан бұрын бірінші және жоғары сыныптарға қабылдау мерзімі ұзартылған болатын.
– Бұрын баланы бір мектептен екіншісіне тек демалыс кезінде ғана ауыстыруға болатын, - деді ҚР Оқу-ағарту министрлігі Орта білім комитетінің басшысы Қаныбек Жұмашев. - Ол кезде ата-аналар тарапынан шағымдар көп болатын. Мәселен, отбасы қаланың басқа бөлігіне көшкен, ал бала тоқсанның соңына дейін бүкіл қала арқылы ескі мектепке баруға мәжбүр болатын жайды елестетіп көріңізші. Сондықтан да, біз бұйрыққа өзгерістер енгіздік.
Бұған дейін Қазақстан Халық партиясынан сайланған Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова оқушыларды ауыстыруды шектейтін қолданыстағы бұйрықтардың «Білім туралы» заңға, ҚР Конституциясына қайшы келетінін айтқан болатын. Ол білім беру ведомствосына осы салада тәртіп орнату туралы депутаттық сауал жолдаған еді.
– Әртүрлі жағдай болуы мүмкін! - деді ол кезде мәжілісмен. - Мысалы, бала күш көрсетудің құрбаны болды және ол тез арада мектепті ауыстыруы керек. Осындай кезде де демалыс мерзімін күту керек пе?
Жаңа бұйрық 10 ақпаннан күшіне енді.