Аз қамтылған отбасыларға қашан назар аударылады?

dep.jpg

Өткен демалыста Астанада қайғылы оқиға орын алды. Жеке тұрғын үйдегі өрт салдарынан төрт баланың үстіне жанып жатқан шатыр құлап, мерт болды. Зардап шеккендердің үлкені 13-те, ал кішісі 2 жаста.

Қазір өрттің шығу себептері анықталып, қажетті сараптамалар мен зерттеулер жүргізілуде. Төтенше жағдай фактісі бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 292-бабы, 3-бөлігі (өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу) бойынша қылмыстық іс қозғалды.

«Зардап шеккен отбасына психологиялық қолдау көрсетіліп, материалдық, тұрғын үй және басқа да қажетті көмек беріледі», - деп мәлімдеді Астана әкімдігі.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Гауһар Танашева оқиға орнына барып, қаза тапқан балалардың жақындарына көңіл айтты.

«Бұл өте ауыр әрі қиын жағдай. Төрт баласын жалғыз тәрбиелеп отырған көпбалалы ана арзан болғандықтан құрылысы аяқталмаған үйдің бір бөлмесін жалдап тұрған. Оның бұдан басқа баспанаға қаражаты жетпеген», - деп атап өтті депутат.

Танашева, өкінішке қарай, мұндай қайғылы оқиғаның бірнеше рет болғанын еске салды. Кейінгі екі жылда 4 отбасының 17 баласы осылайша көз жұмды.

– Соғыс кезінде емес, қазіргідей бейбіт күнде бейкүнә балалар мерт болуда! – деп ашуланды депутат.

Биліктің осындай отбасыларға көмек көрсету туралы берген уәделері орындалып жатқан жоқ. Қайғылы оқиға болғанға дейін өмірде қиын жағдайға тап болған отбасына шынымен көмектесуге не кедергі?

«Осындай жағдай қайталанбауы үшін ең алдымен көпбалалы отбасылар мен жалғыз басты аналарға қолдау көрсету қажет», - дейді Танашева.

Қазақстан Халық партиясы ұлттық әлеуметтік қорғау жүйесін жетілдіру, көпбалалы және жалғыз басты аналарға берілетін жәрдемақы мөлшерін ұлғайту және т.б. ұсыныстар айытып, Мәжіліс кулуарында осы мәселені талай көтерген болатын Алайда, бұл бастамалар Үкімет тарапынан қолдау тапқан жоқ.

– Елімізде жақсы өзгерістер болуы үшін қанша баланың өмірі қиылуы керек? – деп күйінеді депутат.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy