Қазақ авиациясының тарихы

dep.jpg

Қазақстан Халық партиясы парламенттік фракциясының жетекшісі, Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов ҚР Азаматтық авиация қызметкерлері күнін 4 сәуірге ауыстыруды ұсынып отыр.

Мәжіліс депутаты әлеуметтік желідегі парақшасында азаматтық авиацияның ел үшін маңызын айғақтайтын, өскелең ұрпақ авиаторларды саланы дамытып, жетілдіруге шабыттандыратын осындай кәсіби мерекенің қажет екеніне тоқталды. Әрине, бұл ретте Сәкен Сейфуллиннің отандық авиацияны дамытуға қосқан үлесін де ұмытпаған жөн.

– Ол 1923 жылы 4 сәуірде ҚАКСР Халық Комиссарлары Кеңесінің отырысында әуе флотына көмек көрсету науқанын өткізу жөніндегі комиссия құруға бастамашы болды және оның құрамын бекітті. Бұл біздің еліміздегі азаматтық авиацияны дамытудың алғышарты болды. Сондықтан 4 сәуірді биыл 102 жыл толатын Қазақстан авиациясының туған күні деп санауға болады, - деп түсіндірді Магеррамов.

Депутат сайлаушылармен кездесу барысында олардың тарапынан 4 сәуірді Азаматтық авиация күні деп белгілеу туралы Үкіметке ұсыныс білдіруді өтінгендер болғанын жеткізді. Оның өзі де бұл ұсынысты қолдайды. Магеррамовтың айтуынша, Сәкен Сейфуллиннің мұрасы кеңінен дәріптеуге лайық, оған қоса мұндай деректер жастардың бойында патриоттық сезім мен елімізге деген мақтаныш сезімін оятудың маңызды факторы саналады.

«Тарихымыздағы осындай айтулы оқиғаларды есте сақтау маңызды. Сәкен Сейфуллин авиациялық инфрақұрылымды құруға үлес қосып қана қоймай, оның стратегиялық маңызын алғашқылардың бірі болып мойындады. Мұны жас ұрпақ білуі керек», - деді мәжілісмен.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy