Қазақстан Халық партиясының Мәжілістегі фракциясы өз депутаты Ирина Смирнованы қолдап, мәлімдеме жасады. Бұған дейін депутат елімізде «шетелдік агенттер туралы» заң қабылдау бастамасын көтеріп, осы мәселе бойынша депутаттық сауал жолдаған еді. Алайда бұл ұсынысы үшін ол әлеуметтік желілерде жаппай хейтке ұшырады.
Депутаттың бастамасы шетелдік үкіметтік емес ұйымдардың (ҮЕҰ) қызметін ашық жүргізуге бағытталған болатын. Осындай заңдар АҚШ, Франция, Аустралия және басқа да елдерде бұрыннан бері қолданыста. Егер Қазақстанда да осындай заң қабылданса, қазақстандықтар шетелден келген қаражаттың нақты қандай мақсаттарға жұмсалып жатқанын және оның ел мүддесіне қайшы келмейтініне көз жеткізе алар еді.
– Біздің әріптесіміздің бұл бастамасын жауапты, елінің болашағына бей-жай қарамайтын азаматтар қолдап, өз ұстанымдарын білдірді. Оларға алғысымыз шексіз, – деді ҚХП фракциясының жетекшісі Магеррам Магеррамов. – Бірақ, сонымен қатар, депутаттық сауал белгілі бір топтардың тарапынан ерекше агрессия тудырды. Депутатқа қарсы әдейі жалған ақпараттар таралып, ашық қорлау мен буллинг ұйымдастырылды.
Мұндай әрекеттің артында кімдердің тұрғанын анықтау қиын емес. Депутатқа қарсы ақпараттық шабуылды ұйымдастырушылар мен орындаушылардың қатарында АҚШ халықаралық даму агенттігі (USAID) және оның прокси-құрылымдарынан қаржылай қолдау алып жүрген блогерлер болды.
– Біз ақпараттық кеңістікте елдің жоғары өкілді органы – Парламент депутатына жасалған тікелей қысым мен жала жабу әрекеттерінің куәсі болдық, – деп атап өтті Магеррамов. – Кейбір адамдар өздерін ақтау мақсатында аккаунттарына шабуыл жасалғанын алға тартуда. Бірақ мұндай әрекеттер тек қана олардың екіжүзділігін дәлелдей түседі. Ең басты сұрақ – депутатқа қарсы буллинг шетелдік демеушілердің тапсырмасы емес пе? Олар осылайша өз мүдделерін жүзеге асыруды көздеп отырған жоқ па?
Мәжіліс депутаты тиісті органдарды заңсыз әрекеттердің жолын кесуге шақырды.
– Қазақстан Халық партиясы сот арқылы әділдікке қол жеткізу үшін барлық шараны қабылдайды. Біздің фракциямыздың депутатына қатысты айтылған қорлау сөздер жауапсыз қалмайды. Мемлекет басшысы айтқандай, Қазақстанда Заң мен Тәртіп үстемдік етуі тиіс, – деп түйіндеді Магеррам Магеррамов.