Өңірлерге жұмыс сапары аясында Қазақстан Халық партиясының депутаты Кенжеғұл Сейітжан Атырау қатты тұрмыстық қалдықтар полигонында болып, қоқысты сұрыптау мен қайта өңдеудің жергілікті технологиясымен танысты.
Бұған дейін мәжілісмен өзінің депутаттық сауалында жабайы полигондар мен стандартталмаған полигондар мәселесін көтерген болатын.
Атырау ҚТҚ полигоны 70 - ші жылдары ашылды. Ол қазіргі заманғы стандарттарға сай келмейді. Алдағы жылдары оны қалпына келтіру жұмысы жүргізіледі деп жоспарланған. Полигон жұмысшылары қоқысты одан әрі өңдеу үшін бөлек жинауды енгізу идеясын қолдайды.
– Бұл заңнамада бар, – деп атап өтті олар. – Тек қолданысқа енгізу ғана қалады. Бүгінгі таңда Экологиялық Кодекс контейнер алаңында әртүрлі типтегі контейнерлердің болуын міндеттейді. Ылғалды қоқыс үшін, құрғақ қоқыс үшін және т. б. Бірақ адамдар бұған дайын емес.
Кенжеғұл Сейітжан өзінің депутаттық сауалында табиғи қоқыс үйінділері мен рұқсат етілмеген қалдықтар полигоны ел үшін өзекті мәселеге айналатынын атап өтті. Депутат ҚТҚ-ны бөлек жинауды енгізу полигондарға да, бюджетке де жүктемені жартысына дейін төмендетуге мүмкін беретінін мәлімдеді.