Қазақстан БҰҰ-мен UNDOF миссиясына қатысу үшін ресурстармен қамтамасыз ету шарттары туралы меморандумды ратификациялады. Тиісті заң жобасы Мәжілістің жалпы отырысында қабылданды.
Құжаттың толық атауы – 2024 жылы 14 ақпанда Нью-Йорк қаласында жасалған Біріккен ұлттар ұйымының бөлуді бақылау жөніндегі күштеріне (UNDOF) ресурс ұсынатын Қазақстан Үкіметі мен БҰҰ арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум. Құжатты әзірлеуші ҚР Қорғаныс министрлігі өкілдерінің айтуынша, құжат Голан биіктіктеріндегі БҰҰ-ның бөлуді бақылау жөніндегі бітімгершілік миссиясына Қазақстан Республикасының бұрын жіберілген контингенті үшін әкімшілік, логистикалық және қаржылық шарттарын белгілейді.
– Қазақстан тарапы миссияны сәтті орындауды қамтамасыз ету үшін меморандумда әскерлердің саны мен түрі, олардың дайындық дәрежесі, сондай-ақ өзін-өзі қамтамасыз етуге жататын қажетті жабдықтар мен шығыс материалдары айқындалады. Сонымен қатар БҰҰ тарапынан Қазақстан Республикасы Үкіметінің шығыстарын өтеу тәртібін көздейтін нормалар көрсетілген, - деді Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары Шайх-Хасан Жазықбаев Мәжілісте.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ирина Смирнова қаржы мәселесіне қатысты тұсын толығырақ түсіндіруді сұрады.
«Меморандум нормаларына сәйкес, БҰҰ Қазақстан Үкіметіне өзін-өзі қамтамасыз етуге байланысты негізгі қару-жарақ пен шығын материалдарына жұмсалған шығындарды өтеуге міндеттеледі. БҰҰ қару-жарақ пен шығын материалдарына жұмсалған шығындарды өтеу процесін жалпы қалай реттейтінін және оның тәртібі қандай екенін айтып беріңізші», - деді депутат.
Вице-министр бұл бойынша ешқандай мәселе жоқ екенін атап өтті. Ең бастысы, қазақстандық контингент БҰҰ талаптарына сәйкес келеді. Бұл пункттер арнайы тексерулер арқылы жүйелі түрде тексеріліп отырады.
«Яғни, кадрлардың сапасы, құрал-жабдықтардың сапасы барлығы БҰҰ стандарттарына сәйкес келе ме, жоқ па соған байланысты. Бүгінде біз бұл тексерулердің барлығынан жақсы өтіп жатырмыз», - деп түсіндірді Шайх-Хасан Жазықбаев.