Қазақстан Халық партиясының орталық кеңсесінде Қытай Коммунистік партиясы делегациясының және ҚХП басшылығының кездесуі өтті. Іс-шараға ҚХП Төрағасының бірінші орынбасары Мирас Аукенов пен партия аппаратының жетекшісі Дамир Кабдешев қатысты. Қытай тарапынан Қытай Халық Республикасы Елшілігінің ҚКП Халықаралық бөлімінің өкілі, кеңесші Ли Ин сөз сөйледі.
ҚХП өкілдері социалистік ой-сананы дамытуға, партиялық құрылыс пен халықаралық диалогты нығайтуға қосқан зор үлесі үшін қытайлық қонақтарға шынайы алғысын білдірді.
– Біз Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытаймен жан-жақты стратегиялық әріптестікті тереңдетуге бағытталған саясатын толық қолдаймыз. Сонымен қатар, партияаралық байланыстарды халықтық дипломатияның маңызды құралы ретінде қарастырамыз, – деді Мирас Аукенов.
Халық партиясы партияаралық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған бірқатар бастама ұсынды. Олардың қатарында білім беру, тәжірибе алмасу және ақпараттық-гуманитарлық өзара іс-қимыл бар. Атап айтқанда, ҚКП-ның қалыптасу тарихы мен құрылымдық жүйесін зерделеуге арналған оқу курстары, шеберлік сабақтары мен семинарлар өткізу жоспарлануда. Сондай-ақ, тәжірибе алмасу мақсатында ҚХП облыстық филиалдарының төрағалары Қытай провинцияларына іссапар жасап, ал ҚКП делегациялары Қазақстан аймақтарына келіп, ҚХП-ның өңірлердегі қызметімен танысатын болады. Бұдан бөлек, онлайн форматтағы ауқымды ынтымақтастық – халықаралық іс-шараларға бірлесіп қатысу, ақпараттық қолдау көрсету, Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы аясындағы гуманитарлық күн тәртібі бойынша бірлескен жұмыс және басқа да бағыттар қамтылады.
– ҚХП өзін Қазақстан мен Қытай халықтарының достығын нығайтатын көпір ретінде көреді. Біз өзара құрмет пен түсіністікті арттыруға, азаматтық қоғамдар арасындағы диалогты дамытуға және тәжірибе алмасуға күш саламыз, – деп түйіндеді Мирас Аукенов.
Қытай Халық Республикасы Елшілігінің ҚКП Халықаралық бөлімінің өкілі, кеңесші Ли Ин өз кезегінде партиясы мен қытай халқының өзара ынтымақтастыққа әрдайым ашық екенін атап өтті. Оның айқын дәлелі ретінде «Бір белдеу – бір жол» жаһандық бастамасын атады.
– Партияаралық ынтымақтастық – екі ел арасындағы қарым-қатынастардың маңызды құрамдас бөлігі, – деді Ли Ин.
Кездесу барысында тараптар алдағы уақытта да бірлескен жұмысты жалғастыруға уағдаласты.