Елімізде өтіп жатқан аудандар мен облыстық маңызы бар қала әкімдерін сайлауда ҚХП-ның кандидаттары екі ауданда үлкен айырмашылықпен жеңіске жетті. Бұл туралы Аумақтық сайлау комиссиялары хабарлайды.
Осылайша Руслан Қатпаев Қостанай облысы, Денисов ауданы әкімі лауазымы үшін күресте сенімді жеңіске жетті. Аумақтық сайлау комиссиясының мәліметі бойынша, 11609 сайлаушының 5197-і Руслан Қатпаевты қолдап дауыс берген.
Руслан Қатпаев бұған дейін Денисов ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарды. Ол халықтың әлеуметтік қорғалмаған санаттарын тұрғын үймен қамтамасыз етуге белсене қатысты, кәсіпкерлердің жұмысын ұйымдастырды, Арыс қаласындағы (Түркістан облысы), Әулиекөл (Қостанай облысы) қалаларындағы техногендік апаттардың зардаптарын жоюда аянбай жұмыс істеді. ҚХП-нан сайлауға түскен үміткердің сайлауалды бағдарламасының негізгі тармақтары – ауыл арасындағы жолдарды және демалыс инфрақұрылымын жөндеу, ауданға қарасты ауылдардағы көшелерді жарықтандыруды қалпына келтіру, білім және медицина саласындағы кадрлар тапшылығын жою үшін жас мамандарды тарту, сондай-ақ ШОБ-ты қолдау, жұмыссыздықпен күрес және жалпы халықтың өмір сүру сапасын жақсарту.
ҚХП-ның екінші жеңісі - Солтүстік Қазақстан облысы, Мамлют ауданы әкімінің сайлауында көрінді. Онда партиялық кандидат Елена Степаненко көш бастады. «Е.Степаненко үшін 12927 сайлаушының 6817-і дауыс берді»,- деп хабарлайды АСК.
ҚХП кандидаты аудан әкімі лауазымына халық сайлаған алғашқы әйел болып тіркелді.
– Мен ауылда дүниеге келдім, ауылда жұмыс істедім, ауылдың барлық мұң-мұқтажын жақсы білемін, - дейді Е.Степаненко.
– Әкім сайлауына қатысуға бел буып, жауапты шешім қабылдаған соң, ауданымыздың барлық елді мекендерін аралап шықтым. Маған оның барлық проблемалары, оның ресурстық әлеуеті мен экономикалық мүмкіндіктері бесенеден белгілі.
Кандидат өзінің сайлауалды бағдарламасында ШОБ-ті, ауыл шаруашылықтарын және аграрлық өнімдерді қайта өңдеушілерді қолдауға басымдық берген. Ол сондай-ақ алдағы төрт жылда жол инфрақұрылымының барлық мәселелерін шешуге уәде берді. Ауылдық мектептердің ғимараттары мен денсаулық сақтау объектілерін, сондай-ақ жергілікті мәдениет үйлерін жөндеу мен қайта жарақтандыруға ерекше назар аударылатынын да атап өткен.
5 қарашада, еліміз бойынша, 42 аудан мен облыстық маңызы бар 3 қалада (Курчатов, Рудный, Приозерск) әкім сайлауы өтті.